Сөндірілмеген темекі тұқылының кесірінен көпқабатты үйдің төрт пәтері отқа оранды
Алматыда тағы бір көпқабатты үй отқа оранды. Тал түсте өртенген нысанның ішінде кішкентай балалар мен қариялар тірідей жанып кете жаздаған. Абырой болғанда, оларды маңайдағылар дер кезінде байқап, қауіпсіз жерге алып шығыпты. Десе де, қызыл жалыннан денесін күйік шалғандар бар. Ал от әп-сәтте 8 балкон мен бірнеше пәтерді шарпыған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.07.2017
Бұл жолы да жалын балконнан шығыпты. Ал, оның тез таралғаны соншалық, құтқарушылар келгенше алтыдан сегізінші қабатқа дейін шарпып үлгерген.
-С одной квартиры на 4 квартиры перенеслось.
Ал мұнда келген құтқарушылар тілсіз жаумен күресіп қана қоймай, тез арада тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.
Өрт шыққан үйден 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Ал төтенше жағдай қызметкерлері зардап шегушілердің жоқ екенін мәлімдеді. Десе де бұл нақты ақпарат емес секілді.
Құдай сақтап, олардың ішінде адам жоқ болып шықты. Негізі өртенген пәтерлерде кішкентай балалар мен қариялар қалып қойған екен. Олар маңайдағы тұрғындардың арқасында аман қалған. Яғни, өрт сөндірушілер келгенше, көрші-көлем бір-бірін жетектеп, далаға алып шығыпты. Тілсіз жаудан денесін күйік шалғандар да табылды.
Валентина Сечева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Пәтерлердің бірінен егде жастағы қария шыға алмай қалды. Оны осы маңайда жүрген балалар алып шықты. Ал, сегізінші қабатта 2 жасар қыз қалып қойған. Өрттен қорқып, жылап отырған бүлдіршінді мен құтқардым.
Айтпай келген апат осы үйдегі 8 балконды қызыл жалын шарпыды. Бұған қоса, тұрғындар 2 пәтердің өртеніп кеткенін айтады. Ал жалынның тым тез таралуын балкондағы пластиктен көріп отыр.
Болжам бойынша, от темекі тұқылынан тұтанған. Ол алтыншы қабаттың балконына жоғарыдан лақтырылған көрінеді. Бірақ төтеншеліктер апаттың нақты себебін әлі айтқан жоқ. Бүгін осы жағдай Сейфуллин мен Қабанбай батыр көшесіндегі қозғалысты да қиындатты. Өйткені, жолдың бір бөлігін жабуға тура келген. Ал, жұрт сағаттап өз үйіне кіре алмай қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!