«Сапасыз» орындықтар әкімдік алдына орнатылды
Қарапайым орындықтан басталған дау өрши түсті! Айлап жалақы көрмеген астаналық жұмысшылар атқарған ісін шенеуніктерге шұқып көрсетуге мәжбүр болған. Ашулы топ атқамінерлер сапасыз деп, қабылдамай қойған орындықтарды тура әкімдіктің алдына орнатып қойды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
20.07.2017
Еркебұлан Көшкінбаев, «Нұрсад» ЖШС директоры:
- Бұларға орындықтардың қандай сапалы екенін көрсетпекпіз. Олар жап-жаңа, әрі барлық талапқа сай келеді. Оны неге қабылдамай отырғанын білгіміз келеді.
Ашулы жұмысшылар өздерімен бірге 3 орындық алып келген. Оның біреуін шенеуніктер кіріп-шығатын есіктің дәл қасына орнатып қойды. Себебі оған отырған шенеуніктер сапасын өз көздерімен көрсе дейді. Жұмысшылардың осылай істеуден басқа амалы қалмаған. Өйткені, әкімдік бастапқыда 50 орындыққа тапсырыс беріп, оның тек 15-ін қабылдапты. Ал қалғанының ақшасын бермей қойған. Тіпті, бұлар өзге жұмыстарды да тегін атқардық деп отыр. Мәселен, Елорданы көркейту жұмыстарына кететін ақшаны да үнемі кешіктіріп беретін көрінеді. Бірақ, әкімдіктегілер мұның бәрін жоққа шығаруда. Ал дәлел ретінде компанияға ай сайын құйылған ақшаның түбіртегін көрсетті. Десе де, орындықтың ақшасын түгелдей бермегенін мойындады. Өйткені олар орнатылуы тиіс ғимараттар әлі салынып бітпепті.
Тынысбек Арашапов, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
- Мына істегендері дұрыс емес деп ойлаймын. Онда біреу мына жерге асфальт төсеп тастасын. Тағы біреу жұмысымызды қабылдамадың деп құм төгіп кетсін. Сонда біз соның бәрін қоймаға жинайық па?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!