{metadescription}
Түркия мен Грекияға демалуға барған отандастарымыз жойқын жер сілкінісі кезінде жағажайда түнеуге мәжбүр болды
Түркия мен Грекияға демалуға барған отандастарымыз жойқын жер сілкінісі кезінде жағажайда түнеуге мәжбүр болды

Түркия мен Грекияға демалуға барған отандастарымыз жойқын жер сілкінісі кезінде жағажайда түнеуге мәжбүр болды

Табиғат апаты демалыстың шырқын бұзды! Түркия мен Грекияға саяхаттап барған отандастарымыз қатты дүмпудің ортасында қалған. Зілзала туристер көп баратын Кос аралы мен Бодрум, Мармарис қалалаларын қамтып өтіпті. Салдарынан, 2 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақат алған. Дипломаттар зардап шегушілердің арасында біздің азаматтар жоқ деп отыр. Десе де, тынығуға барған отандастарымыз далада түнеуге мәжбүр болыпты. Эгей теңізінің жағалауындағы дүмпулер бүгін де жалғасқан. Сондықтан, әбден қорқып қалған отандастарымыз сол жақтағы дипломаттарға жүгінді.

Бұл қорқынышты түнді туристер далада өткізген. Қазір де қонақ үйге кіре алмай, тентіреп жүр. Жұрт теңізге түсуден де әбден қорқып қалған. Өйткені Түркия мен Грекиядағы жер асты дүмпулері бүгін де жалғасты. Демалысының бірінші күнінде-ақ әбігерге түскендердің бірі – отандасымыз Зарина Әбденова.

Зарина Әбденова, Қазақстан азаматы:

- Түні бойы дүмпу тоқтаған жоқ. Сондықтан, бәріміз жағалауда ұйықтадық. Қонақ үйдің қызметкерлері жамылатын төсек әкеліп берді. Соған да рахмет. Ал соңғы жер сілкінісі 2 сағат бұрын болды.

Осылайша, айтпай келген апат көптен жұрттың күткен демалысының шырқын бұзған. Әбден шошынып қалған қазақстандықтар осыдан кейін демалыс орнын ауыстыруға да тырысыпты. Бірақ мұнысынан ештеңе шықпаған.

Зарина Әбденова, Қазақстан азаматы:

- Демалыс орнын Анталияға ауыстырғысы келгендер болды. Бірақ ол үшін жолдаманың құнын толығымен төлеу керек екен. Амал жоқ, осында қаламыз. Барынша сақ болуға тырысамыз.

Қуаты 7 балға жуықтайтын зілзала Бодрум, Мармарис қалаларынан бөлек, Грекияның Кос аралын да жайпаған. Мұнда тіпті 2 адам қаза тапты. Тағы 120 турист оңбай жарақат алған. Ал Бодрумдағы ауруханаға 80-нен астам адам қаралыпты.

Ғимараттардың да тас-талқаны шықты. Тіпті қатты сілкіністің арты кіші-гірім цунамиге ұласқан. Сөйтіп, Түркиядағы кейбір қонақ үйлерді су басып қалыпты. Қос өңірдегі жағдай да әлі тұрақталған жоқ. Сондықтан, біздің дипломаттар демалуға кеткен отандастарымызбен тығыз байланыста отыр.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл алдын-ала ақпарат. Біз оларға сақтық шараларын сақтауды ұсынамыз. Олардан жергілікті биліктің нұсқауларын сақтауды сұраймыз.

Жұрт зілзаланың тағы қайталануынан да қорқады. Бірақ бүгін Түркия мен Грекияның сейсмологтары мұндай қуаты күшті жер сілкінісі жақын арада болмайды деп мәлімдеді.  

Бірер сағат бұрын туристердің қонақ үйге оралуына рұқсат етілді. Ал сондағы отандастарымыз бұдан былай Эгей теңізінің жағалауына бармаспыз деп отыр. Бірақ Грекия мен Түркияға енді жол жүретін азаматтарда қорқыныш байқалмайды. Өйткені, туристік компанияларға жолдамасын өткізуге келгендер мүлдем болмапты. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

11 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде