Алматыда арыстанға тас атқан жігіт іздестіріліп жатыр
Хайуанды қорлағандар, заңмен жазаланады! Алматы зообағында аңдарға тиісушілер көбейіп барады. Бұған дейін, жасы 50-ден асқан адам аюға тас атып, жұрттың наразылығын тудырған еді. Енді, арыстанға дөрекілік көрсеткен отбасының әрекеті жұртты шулатып жатыр. Олар жыртқышқа тас атып, оны оятпақшы болыпты. Ал зообақ басшылығы енді мұндай қонақтарға қарсы шара қолданамыз деп отыр.
Автор: Аида Мағыпар
24.07.2017
Жұрттың ашуына тиген видео осы. Зообаққа қыдырып келген отбасы тәтті ұйқыда жатқан арыстанды осылай оятпақ болыпты. Бірі тасты жерден алып, екіншісі оны жыртқышқа қарай бар күшімен лақтырып жатыр. Сорақысы сол, ата-анасының осындай дөрекі әрекетін кішкентай баласы тамашалап тұр.
Соңғы кездері зообақтың тұрғындарын осылай қорлаушылар көбейіп барады. Мәселен, өткен айда жасы 50-ден асқан ер адам аюға тиіскен еді. Ол мұндай әрекетке немересінің көңілін көтеру үшін барыпты. Ал, ол кезде зообақ басшылығы ешқандай шара қолданбаған. Мекеме басшылығы енді оянған секілді.
Ержан Еркінбаев, Алматы хайуанаттар бағының директоры:
- Әрине,бұл құқық бұзушыға,тиісті шара қолданады деген ойдамын. Өзім депутар ретінде өкілді органнан заңнаманың өзгертілгенін талап етемін.Себебі Бұндай заң бұзушылар саны көбейіп кетті.
Тіпті, жануарларды қорғау үшін зообаққа 40-тан астам камера орнатылыпты. Күзетшілердің де санын арттырған.
Наталья Ингер, Алматы хайуанаттар бағы директорының орынбасары:
- Біз барлық жерге бейне бақылау камераларын орнаттық.енді заң бұзушыларды сол арқылы бақылайтын боламыз.Аңдарға қосымша әйнек орнатамыз.
Негізі арыстан күніне 20 сағат ұйықтайды екен. Мейірімсіз отбасы оның шырт ұйқысын бұзса да, қазір аң патшасының жағдайы жақсы. Қазір полиция да арыстанға тиіскендерді іздеп жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!