Қазақстанда ауаға тарайтын улы қалдықтардың мөлшері жыл сайын артып жатыр
Елімізде бір жылда екі миллион тоннадан астам экологиялық қалдық ауаны ластап жатыр. Соның ішінде, көмірқышқыл газын ең көп таратып жатқан – Қарағанды облысы. Кеніш пен зауытқа бай өңірден былтырдың өзінде жарты миллион тоннадан астам улы қалдық шығыпты. Соған қарамастан Қазақстанда ауаға тарайтын улы қалдықтардың шектеулі мөлшері жыл сайын артып барады. Ал белгілі экологтар бұған үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.07.2017
Әлемдік алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан аумағынан шығатын улы қалдықтар көлемі айтарлықтай аз екені түсінікті. Алайда экологтар еліміздің ішінде жыл сайын ауаға тарайтын түтіннің артып бара жатқанына қапалы. Айталық, біздің елден шыққан улы газдың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда былтыр 4 пайызға өсіпті.
Динара Мұқашева, Ranking.kz сайтының шолушысы:
-2013 жылдан бері қарай қалдықтар көлемі жыл сайын азая бастаған еді. Былтыр қайтадан көлемі 2 миллион 300 мың тоннаны құрап, 2012 жылғы мөлшерге жетіп қалды. Бұған елімізде ауаны ластағыш қалдықтардың шектеулі мөлшерінің артуы да себеп болып отыр.
Бұл сөзді Статистика комитетінің ресми деректері растайды.
-Соңғы бес жылда ауаны ластаудың ең жоғарғы көрсеткіші 2012 жылы тіркеліпті – 2 миллион 400 мың тонна. 2013-15 жылдар аралығында біршама төмендегенімен, былтырғы көрсеткіш қайта көтерілген. Ел аумағында өндіріс нысандары көп шоғырланған Қарағанды, Павлодар облыстарының үлесі айтарлықтай басым. Ал Атырау облысы ауаға шығаратын көк түтін көлемін жыл сайын қарқынды арттыруымен көзге түсіп отыр. Алдыңғы жылға қарағанда былтыр мұнда улы қалдық көлемі 50 пайызға өскен.
Бұл көрсеткіштер, экологтардың айтуынша, аһ ұратын-ақ жағдай. Ал улы қалдықтардың шектеулі мөлшерін көтеру мүлдем дұрыс емес дейді.
Мэлс Елеусізов, эколог:
- Ол өте дұрыс емес. Қазір осы қалдықтың әсері ғой ауа райы жылып бара жатқаны. Дүние жүзінде, жер шарында жарты градусқа көтерілді. Қазір көп апаттар болып жатыр. Су тасқындары, жер сілкіністері. Қазір ауа райы да біресе ыстық, біресе суық болып тұр.
Статистикаға қарасақ, улы қалдықтардың шектеулі мөлшері 2013 жылдан бері артып келеді. Былтыр 2015 жылға қарағанда 13,6 пайызға тағы өскен.
Бұл елімізде зауыттар қатарының өсуінен екені түсінікті. Алайда әлемдік климат жарты градусқа жылыса, Қазақстанда температура 0,75 градусқа көтерілген екен. Сондықтан экологтар өндірісті өркендетуден бұрын қауіпсіздікке де мән беру керектігін ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!