Нұртас Адамбайдың фильмін ұрлап көрсеткен кәсіпкер миллиондаған айыппұл төлейді
Көкшетауда көрерменге отандық комедияны ұсынған кәсіпкердің басы бәлеге қалды. Жекеменшік кинозалында Нұртас Адамбайдың «Побег из аула-операция махаббат» фильмі прокатқа шыққанннан бері рұқсатсыз көрсетіліп келген. Енді авторлық құқықты сақтамаған кәсіпкер 11 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.07.2017
2015-ші жылы прокатқа шыққан отандық кинокомедияны көруге ынтық көрермен көп болған сыңайлы. Кинозал иесі ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, ғаламтордан көшірмесін алып, көрерменге ұсынған. Билет құны мың жарым теңге. Мұнда келгендер фильмді проектормен флешкадағы көшірмесі арқылы көріп отырғанын сезбеген де сияқты. Бірақ кезекті көрсетілім кезінде олардың ұрлығы ашылып қалды. Енді авторлық құқықты сақтамаған 35 жастағы кәсіпкер әйел 11 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Сондай-ақ, фильмді жасаған компанияға 2 миллион теңге қарыз болып қалды.
Амангелді Нұржанов, Ақмола облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:
-Бұл фильмді көрерменге ұсынуға олардың құқықтары болмаған. Қазір кинопроектор, экран, тағы басқа да құрылғылар түгел тәркіленді. Автордың құқығын аяққа таптаған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!