Қазақ журналистикасы қарымды қаламгерінен айырылды
Қазақ журналистикасы қара жамылды! Алматыда ғұмырын осы салаға арнаған белгілі қаламгер Жұмабек Кенжалин 63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұған дейін денсаулығының сыр бергені туралы ештеңе айтпаған журналистің жүрегі бүгін таңертең мәңгілікке тоқтаған. Ол ақпарат саласындағы қызметін тілшіліктен бастап, «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Ақиқат» жуарналының бас редакторлығына дейін көтерілді. Ал өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.07.2017
Таңертең тараған қаралы хабар талай жүректі сыздатты. Қазақ жұрты үнемі өзекті тақырыптарды қаузап, өткір мәселелерді көтеріп жүретін қаламгерінен айырылғанына сенбеді. Бірақ, амал нешік, қатал тағдыр дәл осы күні Жұмабек Омарұлын арамыздан мәңгілікке алып кеткен екен. Ол саналы ғұмырын осы ақпарат саласына арнады. Журналистикаға деген шынайы махаббаты сонау бала кезден басталған.
Жұмабек Кенжалин:
- Мен өзі Торғай облысының жігітімін. Сол кезде «Торғай таңы» деген газет шықты. Соған материалдарым, кішкентай репортаждарым, шығып жүрді. Сөйтіп, мына журналистикаға деген ықылас ниетім жоғары класта әбден қалыптасып болды.
Қарымды қаламы Кенжалинді тілшіліктен бас редакторлыққа дейін көтерді. Ал өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарды. Оның құрамына кіретін 6 басылымның үзбей шығып тұруына, қарқынды дамуына орасан зор үлесін қосты. Жұрт, әсіресе, майталман журналистің өзі жазған тамаша материалдарын іздеп жүріп оқитын. Кенжалин сол мақалалары мен эсселерін бірнеше кітап қылып та шығарды. Сөйтіп, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды.
Марат Тоқашбаев, журналист:
- Оның жазған өткір материалдары, түрлі ой-орамдары, мына өмірдегі болып жатқан құбылыстарға байланысты өзіндік көзқарастары, өзінің оқырмандарын қатты риза етіп жататын.
Замандастары «бүгінгінің Сәкені» атап кеткен қаламгердің ерен еңбегі көзі тірісінде еленіп, Журналистер одағы мен президент сыйлықтарының лауреаты атанды. «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Ол өз білгенін өзгеге де үйрете білген. Яғни, өзі түлеп ұшқан Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық етті. Сөйтіп, қазақ ақпарат кеңістігіне дарынды тілшілер қосуға да атсалысқан.
Бағдәулет Құмар, Ж.Кенжалиннің досы:
- Адамдардың бәріне көмекшіл болды. Әр нәрсеге сезіммен қарайтын. Сол сезім де мүмкін жүрегіне әсер еткен шығар. Қанша қимайық десе де, кеше ғана сөйлесіп тұрған досымыздан айырылып қалғанымызға бізге үлкен қайғы.
Тума-туыс, дос-жаран, замандастары таңертеңнен бері марқұмның үйіне ағылуда. Бұған дейін денсаулығы туралы еш шағым айтпаған Жұмабек Кенжалин бірер күн бұрын ғана ауруханаға түскен екен. Бүгін таңғы сағат 5-те сол жерде қаламгердің жүрегі тоқтаған. Осылайша, Пайғамбар жасына келерде көз жұмып отыр. Оның журналист ретінде, басшы ретінде жетсем деген әлі талай арманы бар еді. Бірақ соның бәрін тастап, кете барды. Марқұммен қоштасу рәсімі таңертең Жазушылар одағының ғимаратында өтпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!