Қарағандыда керегі жоқ көлікті кәдеге жарататын зауыт ашылды
Еліміздің ескі-құсқы көліктері Қарағандыға жеткізіліп жатыр. Өйткені бүгін мұнда тозығы жеткен машиналарды утилизациялайтын зауыт іске қосылды. Бұл – еліміздегі жарамсыз автомобильдерді кәдеге жарататын алғашқы кәсіпорын. Жылына 50 мыңнан астам ескі көлікті өңдей алады. Орталық Азияда теңдессіз деп бағаланған зауыттың ашылу рәсіміне тілшіміз Досжан Маратұлы барып келді.
Автор: Досжан Маратұлы
26.07.2017
Бұл – ескі-құсқы көліктерді утилизациялайтын еліміздегі алғашқы зауыт. Қазір мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен тозығы жеткен темір тұлпарлар жеткізіліп жатыр. Кейін олар осында қайта өңдеуден өтеді. Ол үшін ескі көліктерді алдымен мынадай техниканың көмегімен престейді.
Кейін престелген машиналар «Шредер» деп аталатын мына қондырғыға салынып, балқытылады. Артынан бұл темір металл өңдейтін зауыттарға жөнелтіліп, қайтадан кәдеге жарайды екен. Жалпы бүгін іске қосылған кәсіпорын осылай жылына 50 мыңнан астам ескі көлікті өңдей алады.
Әзімжан Оспан, зауыттың басқарушы директоры:
-Істен шыққан көліктерді алдымен жинақтап, май мен өзге техникалық сұйықтықтарды ағызып тастаймыз. Бізге қара және түсті металл ғана қажет. Ал, утилизациялау процесі компьютердің қатаң бақылауында болады.
Қазір еліміздің ірі қалаларында ескі көліктерді қабылдау жалғасып жатыр. Зауыт іске қосылған соң енді аймақтардағы операторлардың жұмысы қыза түсетіні анық. Олар шалғайдағы елді мекендерге дейін аралап жарамсыз маиналарды жинамақ. Кейін барлығы осында әкелінеді.
Алмас Айдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
-Елімізде қазір 17 жинау пунктісі бар сол жақтан әкелінген автомобильдерді осында бірінші этапта қыйып оларды бөліп, қыста екінші этап басталады. Ол жаңағы пеште өңдеу.
Ал мұндай көліктерді қабылдау екі санат бойынша жүзеге асырылатынын айта кетейік. 150 мың теңге алу үшін көліктің қозғалтқышы, есіктері, шанақ, аккумулятор және 4 дөңгелегі түгел болса жеткілікті. Ал ол болмаса 48 мыңға ғана бағаланады. Немесе ақшаның орнына жаңа көлік алуға арналған 350 мың теңгенің сертификатын алуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!