Үлескердің үміті ақталмады
Үлескерлерге үміт сыйлап, біраұқ артынан құрылысы аяқталмаған үйлердің жәрмеңкесі елордада кезекті рет ұйымдастырылды. Оның міндеті мердігерлері ақшасын жеп, құрылысы тоқтап қалған нысандарды аукцион арқылы басқа инвесторларға сату. Әкімдік осылай бір оқпен екі қоянды атпақшы. Қаланың қаңырап қалған құрылысына жан бітірмек және ең бастысы, үлескерлердің түйткілін шешпек. Кезекті жәрмеңкеге тілшіміз Азамат Алдоңғаров барып қайтты.
Автор: Азамат Алдоңғаров
26.07.2017
Бүгінгі құрылысы аяқталмаған нысандар жәрмеңкесінде мына 300 пәтерлік екі тұрғын үй бағын сынап көрмек. Оның алаңында жұмыс тоқтаған сәттен, құрылыс материалдар қаз қалпында, қозғалыссыз жатыр. Егер бүгін сәтін салып, инвестор табылып жатса, үлескерлер күзде қоныс тойын тойлаймыз деп үміттеніп отыр.
Үміттенгендердің бірі – Мұрат Абыхан. Керекуден келіп, Астананың сол жағалауында басталған мына құрылысқа қызыққан азамат 21 млн теңгесін үш бөлмелі пәтерге құйған. Ал Мұрат сияқты тағы мыңдаған үлескердің ақшасын қалтасына басқан құрылыс компаниясының басшысы қазір қамауда отыр. Ол қала бойынша он тұрғын үйдің құрылысын қатар бастап, бірін де аяқтамаған. Үйі де, күйі де жоқ Мұрат қазір пәтер жалдап тұрады. Сондықтан бүгінгі жәрмеңкеге зор үміт артады.
Мұрат Абыхан, үлескер:
-Үлескерлер барлығымыз 2013 жылдан бастап ақша салдық. Төрт жылдай тосып отырмыз үйді. 2015 жылы төртінші тоқсанда бітіруі керек еді. Бүгін шілде, 17-ші жыл. Екі жылдай тосып отырмыз.
Әкімдіктің жұп-жұмыр жоспары бойынша жәрмеңкеге келген инвестор Мұрат ақша құйған нысанға қызығып, құрылысын аяқтауы тиіс. Нәтижесінде әлі сатылмаған 100 пәтер мен кеңселерден пайда көреді-мыс. Бұндай аукцион екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сәуір айында осы тәсілмен төрт нысан бойынша келісім жасалыпты.
Татьяна Чурсина, Астана үлескерлері бірлестігінің төрайымы:
- Бүгінгі жәрмеңкенің ауқымы алғашқыдан кеңірек. Сондықтан құрылыс компаниялары белсенділік танытып, тұрып қалған нысандарды аяқтауға кіріседі деп ойлаймын.
Алайда жиналған инвесторлар құрылысқа емес, ұйқыға кірісті. Жәрмеңкенің нәтижесі бойынша бірде бір келісім жасалған жоқ. Үлескерлер үміттене қараған кәсіпкерлер де, кердең қағып, сұхбат таратпаймыз деумен ғана болды.
-Нет без интервью...
Бала көңілмен аңқылдап келген үлескерлер жәрмеңкеден жабырқау күйде тарады. Ал мынау – алғашқы аукционда сатылған төрт нысанның бірі. Темірін тот басып қалған құрылыс та, неге екені белгісіз әлі жанданған жоқ. Ал әкімдіктің идеясына сенген мыңдаған үлескерлер болса, донор күткен науқастай өз инвесторын әлі де іздейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!