Семейде 60 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін
Семейде 60 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, оларға үш қабатты жатахананы кезінде Семей жылу-электр орталығының басшылығы берген екен. 15 жылдан бері тұрып келе жатқан жұрт оған енді жаңа қожайынның қайдан табылғанын білмей дал. Оларға «босатыңдар» деген нұсқау келіпті. Бірақ тұрғындар мүлік иесін көрмеген. Алайда жергілікті шенеуніктер жатақхананың жеке қолға әлдеқашан өткенін растап отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
27.07.2017
Үш қабатты, 60 бөлмелі жатахана кезінде өртеніп кеткен ғимарат болған. Ал оны жылу мекемесінің басшылығы қалпына келтіріп қол астындағы қызметкерлерге үлестірген екен. Бүгінде,сол сәтте қолдарына кілтін алғандардың өзіне 15 жыл уақыт өтіпті. Әйтсе де, алаңсыз жүрген тұрғындарды тосыннан келген жаңа қожайын тосырқатып тастады.
Айнагүл Жапарова, Семей қаласының тұрғыны:
-Біз көпбалалы анамыз. Қайда барамыз? Кімге барамыз? Кімге алақан жаямыз? Соны айтсын бізге. Бізден үйді тартып алмасын.
Осылайша, жұрт баратын жер, басатын тау таппай зар болуда. Ал көздеріне көрінбеген жатақхана иесін ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып отыр деп жазғырды. Өйткені оларға ай сайын 9 мың теңге төлеп тұру туралы талап қойған екен. Бұнымен келіспегендерге ол өз тарапынан баспананы босату туралы қағаз жіберіп үлгерген.
Айгүл Самиғұлова, Семей қаласының тұрғыны:
-Сот арқылы қуамыз деп отыр. Бұл дұрыс емес. Үйді сатып алған кісі заңсыз иеленіп отыр.
Бірақ жергілікті шенеуніктер мұның заңды екенін айтуда. Себебі, жатахана 2005 жылы бір қолдан екінші қолға өтіп кеткен.
Жанна Шаймұратова, Семей қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Семей жылу-электр орталығының қарыздары қордаланып қалғандықтан, оны төлем ретінде берген екен. Енді, ол заң жүзінде кейін алған қожайынның меншігі болып табылады. Ал ғимарат ешқашан мемлекеттің балансында болған емес.
Шенеуніктер жекенің мүлкіне қол сұға алмайтындарын жеткізді. Тек олар жатақхана иесіне тұрғындарды далаға тастамау туралы өтініш жасаумен шектеліпті. Сондықтан, жұртқа қожайынның шартымен келісуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!