Таразда бір сәтте 700 үйдің тұрмыстық техникасы күйіп кетті
Таразда бір мезетте көпқабатты 7 үйдің есептеуіш құралдары күйіп кетіп, жүздеген пәтердегі тұрмыстық техника жаппай бұзылған. Қазір жарамсыз болып қалған заттардың шығыны есептелуде. Дегенмен бүлінген бұйымдардың құнын шығарып әуре болудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені электр жүйесіне жауаптылар өтемақы беруге құлықсыз. Есептеуіш құралдардың жаппай істен шығуына не себеп болғанын Руслан Әбдіхалық айтып берсін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.07.2017
Көпқабытты үйлердегі есептеуіш құралдар бірінен соң бірі атылып, жанып кеткен. Тоқ реттегіш қондырғының істен шығуынан үйдегі тұрмыстық техникалар жаппай күйіп, жарамсыз болып қалыпты.
Гүлмира Сөктаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қатты напормен свет жанды. Жап жарық болып. Залда екі люстра бар етін. Сосын 8 свет бар, соның бәрі бірінен соң бірі партылдап жанды.
Жұрттың айтуынша, көпқабатты жеті үйдегі есептеуіштер жанып кеткен. Бұл – 700-ге жуық пәтердегі тұрмыстық техника істен шығып, қыруар шығынға батты деген сөз. Тіпті кейбірі әлі күнге жарықсыз отыруға мәжбүр. Осыған ашынған бұқара бүгін жиналып, Тараз қалалық электр жүйесі мекемесіне барған.
Болат Алтаев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ол жерге барсақ, там чистый футбол.Ана жерге барыңыз, мына жерге барыңыз, біз шешпейміз дейді. +Жауапсыз мүлдем. Қаланың әкімі барсаң шығады, ал мыналар шықпақ түгілі сөйлескісі келмейді адамдармен.
Ал жауапты мамандар әдеттегідей өздеріне шаң жуытатын емес. Олар трансфороматорда күннің ыстығынан апат болғанын мойындағанымен, одан есептегіш құралдардың күйіп кетуі мүмкін емес дейді. Оның үстіне үйдің ішіндегі есептеуіштерінің бұзылуына электр жүйесі мекемесі жауапты емес деп кесіп айтты. Сондықтан өтемақыдан дәмелі жұртқа сотқа арыздануға кеңес берді.
Жандос Ордабаев, Тараз қалалық электр жүйесі қосалқы станциялары тобының басшысы:
- Қазір бізде ішкі тексеру жүріп жатыр. Сотқа берсін, сот қалай шешеді солай болады. Өтемақы болады, болмайды, мен ештеме айта алмаймын.
Тұрғындардың сөзінше, есептегіш қондырғылардың істен шығуына тансформатордағы апат себеп. Айтуларынша, оның өзіне электр жүйесі мекемесінің өкілдері кінәлі. Яғни салғырттық жіберген дейді. Өйткені қуат көзін реттегіш құрылғы орналасқан нысанға екі электрик кіріп шыққан соң, артынша көп ұзамай түтін шығып, жарылыс болған. Сондықтан бұқара бұл істі жан-жақты тексеріп, кінәліні анықтап, өтемақы берілуін талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!