Шабындықты меншіктеп алған шаруалар шөп құнын шарықтатып отыр
Ақмола облысында кәдімгі шөп бағасы шарықтап кетті. Өткен жылы тоннасын 8-10 мың теңгеден сатып алған жұрт биыл ол 23 мың теңгеге жетті дегенді естіп, өре түрегелген. Бұланды ауданындағы Айнакөл ауылының тұрғындары мына жағдайдан кейін малымыз аштан қырылатын болды деп отыр. Бұл бағаны шабындық жерлерді меншіктеп алған жеке шаруа қожалықтары өздерінше белгілеп қойған дейді жұрт.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.07.2017
Биыл жаз жаңбырлы болып, шөп бітік шықты. Бірақ малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының таяқ тастам жердегі шабындыққа шалғы салуға қақысы жоқ. Өйткені ауыл маңындағы жердің барлығы жекеге өтіп кеткен. Ал қазаншының өз еркіне салған шабындық иелері биыл шөптің бағасын 3 есеге өсіріп жіберген.
Шөптің тоннасы 23 мың теңге боды дегенді естігелі 90 үйлі Айнакөл ауылының тұрғындарынан тыныштық кетті. Өткен жылы осы уақытта тоннасын 8 мың теңгеден алып, маялап қойған екен. Шабындық уақыты болса өтіп барады. Өз беттерінше шөп шабатын заман жоқ қазір. Өйткені шабындықтар жекеменшікке өтіп кеткен.
Аманғали Пернебаев, Айнакөл ауылының тұрғыны:
-Биыл халыққа таратқан осындай осындай шөп 23 мың. Өз рабочиларына 15 мың деп естігенбіз. Осы жерде азғантай сөйлескенімізде басшы қарындас басшылармен сөйлесіп, 10 мың болыпты деді. Біз оған сенбей отырмыз. Өйткені бұлар халықты алдайды. Біз алдауға түсеміз.
Жергілікті халықтың алаңдауы тегін емес. Жаздың бітуіне бір ай қалған тұста үйлерінде бір айыр шөп жоқ. Жерді иеленіп отырған серіктестіктегілер болса, бұл алғашқы қойылған баға деп жұртты тыныштандырған болды.
Тыныштық Базеликова, «Журавлевка-1» ЖШС есеп-қисап менеджері:
-Біздің шаруашылық банкрот алдында. Қазір Журавлевкаға қосылып жатырмыз. Мұнда экономистердің алғашқы есептеген шөп бағасы - 23 мың теңге. Бірақ Сіздерге 10 мың теңгеден болады.Сеніңіздер. Бірақ қазан айында аласыздар.
Бұны естіген жұрт тіпті шошып кетті. Қазан айында қар аралас жаңбырдан кейін дым тартқан шөп салмағы ауыр болып қымбатқа түседі. «Бізден осылайша пайда таппақшы» дейді жұрт. Ал халықпен кездесуге келген Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов шаруа қожалығының басшыларымен сөйлесіп, бәрін реттеймін деп уәде берді. Бірақ жекенің қолына алақандай жер қалдырмай беріп қойған шенеуніктерден енді тұрғындарға пайда жоқ сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!