Иесі жоқ 8 сотық жер алматылықтардың бас ауруына айналды
Қараусыз жатқан жер жұрттың уайымына айналды. Алматыда тұрғындарға есігінің алдында елеусіз тұрған 8 жарым сотық жер кесірін тигізіп отыр. Мұнда түнге қарай нашақорлар жиналып, жұрттың мазасын қашырады. Ал күндіз қоқыс толы аумақта кішкентайлар ойнайды. Ең сорақысы, айдың-күннің аманында адам өлімі болып жатыр екен. Жұрттың бас қайғысына айналған жер телімі жөнінде тілшіміз Ербол Тұрымбет тарқатып айтсын.
Автор: Ербол Тұрымбет
31.07.2017
-Тұрғындардың айтуынша, мына жердің дәл осылай далиып жатқанына 30 жылға жуықтапты. Ал жуырда ғана бұл жерде қайғылы жағдай болған. Еңгезердей ер адам сүрініп жығылып, мына тұрған шошайған темірлерге қадалып өлген. Арысы адам өліп, берісі күл-қоқыс шіріп жатқан жерді бір ретке келтіруге жергілікті билік құлықсыз көрінеді.
Шөбі шүйгін өскен жердің жалпы аумағы 8 жарым сотық. Маңайдағылар қараусыз жатқан жердің иесінің кім екенін де білмейді. Бірақ маңдайға сор болғаны сол, ойда-жоқта ердің жасынан асқан ер адам осы арада қапыда көз жұмды.
Татьяна Болдарева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осы жерде бір ай бұрын күйеуім өлді. Мына шошайып тұрған темірлердің үстіне құлап, ойда жоқта айырылып қалдық. Бүйтіп қараусыз қалдырмай, дұрыстап жөндеп істеп қойса қайтеді?! Осы жерде ары-бері жүретін, аялдамада тұратын оқушы балалар көп. Енді соларға кесірі тие ме деп қорқамын.
Валерий Болдаревты дереу ауруханаға жеткізіп, ота жасағанымен дәрігерлер құтқара алмаған. Оны жоқтап отырған кәрі шешесіне көңіл айтып келген біреу болмапты. Жасы жеткен кейуананың бір ұлы әскерде жүргенде мерт болыпты. Енді ел аман, жұрт тынышта екіншісінен айрылып отыр. Ал талай жылдан бері тұрып келе жатқан жергілікті жұрт бос жатқан жерді біреу келіп игеріп жатқанын байқамапты.
Дәурен Ерниязов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мынау енді мүмкін емес. Арматуралары торчать етіп тұр. Балалар ойнайды мына жерде. Біреу болмаса біреу мерт болады реально.
Сонау 90-шы жылдары бұл жерде дүкен болыпты. Бірақ ол өртеніп кетіп, шошайған темірлер содан қалған екен. Ал 2014 жылы қала әкімінің қаулысымен бір серіктестіктің иелігіне өткен. Алайда үш жыл бойы игерілмеген соң тиісті мекеме шара қолданатындарын айтып отыр.
Азат Исламов, Алматы қаласы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Бір жылдық мерзім өтуіне байланысты 2018 жылы біз ол жерге аталған аталған нұсқаманың талаптарының орындалуына бақылау тексерісін тағайындаймыз. Сол тексерудің нәтижесінде егер де жер учаскесінің иесі нұсқама талаптарын орындамаса біз сотқа талап арыз береміз.
Дегенмен, жер телімінің санитарлық жағдайына алаңдап жатқан ешкім жоқ. Ол игерілгенше немесе мемлекет пайдасына қайтарылғанша әлі бір жыл уақыт бар. Шошайған темірлер оған дейін тағы кімнің тағдырын шешетінін ешкім білмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!