Оралда ауылдықтар судан уланып жатыр
Оралда жұрт тіршілік нәріне жарымай отыр. Бүгінде 300-дей адам ішуге жарамсыз деп танылған суды тұтынуға мәжбүр. Енді соның салдарынан тұрғындар жаппай ауруханаға түсіп жатқан көрінеді. Жаман су ішемін деп ауырып қалғандардың арасында балалар да бар. Ал жергілікті билік тұрғындарды тірелген тығырықтан шығаруға асығатын емес.
Автор: Ұлан Нұрахмет
01.08.2017
Ұлардай шулаған Новостройка ауылының тұрғындары талай жылдан бері таза суды көрмеген. Бүгінде 60-қа жуық түтін жалғыз құдықпен күнелтіп отыр. Бірақ одан алынған тіршілік нәрін адам түгілі, малдың да ішуі неғайбыл. Ал ауладағы құдық одан жаман.
Бақытжамал Тұрғанова, Новостройка ауылының тұрғыны:
-Әркімнің ауласында құдық бар. Олардан да лас су шығып жатыр. Ащы.
Мұндағы құдық суын тұтынуға болмайтынын тиісті мекемелер әлдеқашан растап қойған. Алайда амалы таусылған жұрт таң бозынан ауылдағы жалғыз құдыққа кезекке тұрады. Ал ұйқысын қимағандар таңнан кешке дейін тұзды суды тұтынады. Сондықтан олар бала-шағамыз уланып жатса да, атқамінерлер әрекет жасамады деп өкпелі.
Клара Ғабидулина, Новостройка ауылының тұрғыны:
-Біздің келгенімізге 15 жыл болды. Содан бері, жылдан-жылға сілтеп келеді. Міне, 16 жыл өтті. Өсіп келе жатқан балаларымыз осы лас суды ішіп жатыр.
Ал жергілікті билік тіршілік нәрінен тарыққан жұрттың өздерін жазғыруда. Айтуларынша, жаңа құдықтың қазылмай жатқанына халықтың өзі кінәлі. Өйткені олар қажетті құрылғылар сатып алуға қаражат жинағылары келмеген.
Шынболат Теміржанов, Орал қалалық әкімдігі әкімшілік-аумақтық даму бөлімінің басшысы:
-Насос, труба сатып алуға ақша керек. Соны жергілікті тұрғындар екі мың теңгеден жинағылары келмейді. Ертең оны қазса, бізде су болмай қалады, келмей қалады деп қорқады.
Тіпті мамандар, ауыл ағайындарына тегін құдық қазып беретіндерді де тауып қойғандарын айтып ақталды. Бірақ олар қайткен күнде де қарашаны келер жылы тығырықтан шығармақ ниетте екен. Сондықтан жұртқа уәденің орындалуын күтіп, лас суды іше тұрудан басқа қайыр жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!