Алматыда жол ақысы екі есе қымбаттады
Алматыда жол ақысы екі есе қымбаттады! Бүгіннен бастап, қолма-қол есеп айырысатындар үшін билет құны - 150 теңге. Ал, автобуста «Оңаймен» жүру оңайырақ. Яғни электрондық карта арқылы төлем жасау 80 теңге болып қала береді. Жаңа ереже күшіне енгені сол екен, қоғамдық көлік бақылаушылары тексерісті барынша күшейтуге кіріскен. Ал билеттің қымбаттауына тек жолаушылар емес, жүргізушілер де қарсы шығып жатыр. 2 жылдан бері «Оңай» төлем жүйесін жарытып қолданысқа енгізе алмай жатқан Алматы билігінің тағы бір жаңа бастамасы жайлы Нұргүл Нұрланқызы толығырақ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.08.2017
Бүгін бақылаушылар ерекше белсенді. Таңертеңнен аялдамадағы әр автобусқа мініп, жолаушыларды жеке-жеке тексеріп жүр. Тек оларды жылы қабылдап жатқан ешкім жоқ. Өйткені, қоғамдық көліктегі бейберекетсіздік сол күйі қалпына келмепті. Автобуста билетсіз жүргендер азаймаған. Ал кондукторлар мен жүргізушілер дұрыс билет беруді әлі үйренбепті.
- Жоқ, төлеген жоқпын. - Қай жерден отырдыңыз? – Жасыл базардан.- Жасыл базардан осы жерге дейін 2 аялдама. Сіз билетсіз жолаушы саналасыз.
Ал тарифтің бұлайша екі есеге өсуіне, екі жылдан бері ісі жүрмей жатқан «Оңай» төлем жүйесі себеп. Себебі, қолма-қол төлем жасауды жеңіл санайтындар әлі көп. Енді бүгіннен бастап бұл жолаушылар үшін билет құны 150 теңге. Ал «Оңаймен» жүретіндерге расымен оңайырақ. Карта арқылы төлем құны 80 теңге болып өзгеріссіз қалған. Бірақ жаңа тариф қашанғыдай қарсылыққа тап болды.
- 10 жастағы балаға 150 теңге деп тұр. Еще маған 150. - Дұрыс емес. Халықты бұл тонау. Дұрыс емес мынау мүлдем.
150 теңгелік төлемді кондукторлар мен жүргізушілер де құптап отырған жоқ. Себебі, электрондық төлем құрылғысы жиі бұзылады. Сөйтіп, жолаушылар бұған автобус қызметкерлерін кінәлап, жағадан алады екен.
Жанар Мырзалиева, кондуктор:
- «Оңай» істемей қалып жатыр арасында. Неге келіп істеп бермейді? Екі ортада жүргізуші мен кондукторды жеп бара жатыр, білесіздер ме?
Алайда шенеуніктер автобустағы «Оңай» құрылғысы істемеген жағдайда жолаушылар тегін жүруге құқылы деп отыр. Ал, алдағы уақытта жұрттың бәрі билетті қойып, электрондық төлемге көшетініне сенімді. Жаңа тарифтің мақсаты да сол.
Мақсұт Исақов, Алматы қаласы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы:
- Электрондық билетке өткізу бізге мынау осы қоғамдық көліктегі айналымда жүрген ақшалардың жарыққа шығаруына көмектеседі. Егерде 25 шілдеде 1 күнде 26 миллион теңге жиналған болса, бүгін сағат 2-нің өзінде 23 миллионнан аса ақша жиналды. Бұл дегеніміз кешке дейін біз 2 есе ақша жинаймыз ба деген ойымыз бар.
Айта кетсек, жолақысын хабарлама арқылы төлеу құны 80 теңге болып қалған. Әрі жаңа тарифтің метроға да қатысы жоқ. Ал 150 теңге қымбат болса, «Оңай» картасын сатып алуға тура келмек. Оны вокзал, әуежай, дүңгіршектер мен автобус жүргізушісінен 400 теңгеге сатып алуға болады.
Қала маңындағы ауылдарға қатынайтын автобустарда да жол ақысы 80 теңге болып қалды. Өйткені оларға «Оңай» жүйесі тек күзде енгізілмек. Ал қаладағы қоғамдық көліктерде тексеріс 2 ай бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Сөйтіп, жол ақысын төлемеген азаматтар 4 жарым мың, ал дұрыс билет бермеген жүргізуші мен кондукторлар 11 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!