Сегіз ай бұрын жоғалған кәсіпкер өлі табылды
Сегіз ай бұрын жоғалған кәсіпкердің денесі айдалада көмулі жатқан жерінен табылды. Марқұм Валерий Харламов Алматы облысында өткен жылдың желтоқсан айында құпия жағдайда ғайып болған еді. Содан бері тергеу барысы созбаққа түсіп, жабулы қазан күйінде келген болатын. Туыстары о баста Валериймен бірге тұрған әйелді айыптаса, енді қылмысқа қатысы бар деген айыппен басқа күдіктілер ұсталып жатыр. Кәсіпкердің құпия өлімі жайлы тілшіміз Ербол Тұрымбет тарқатып айтады.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.08.2017
Туыстарының айтуынша, Валерийді өлтірген адам ескі танысы екен. Екеуінің арасында жүрген бір әйелге бола қызғаныш туып, әуелі содан жанжал туған. Сегіз айдан бері тергеушілер тарапынан бір хабар ала алмаған Валерий Харламовтың туыстары марқұмның жатқан жерін де полицияға өздері тауып бергенін айтады.
Александр Бочаров, марқұм В. Харлановтың ағасы:
-Тек өзіміз іздеумен болдық. Тергеу құпиясына байланысты деп жөнді мәлімет бермей қойды. Бізге Тамара деген Валериймен бірге тұрған әйел өзі хабарласып, болған оқиғаны түгел айтып бергеннен кейін ғана барлығы белгілі болды.
Ағасының айтуынша, кәсіпкер басқа басқа емес, өзінің таныс адамының қолынан қаза тапқан. Таныс дегені бірге тұрып жатқан әйелді қызғанған біреу екен. Әуелі кездейсоқ ұшырасып қалып, екеуара жанжал болыпты. Артынша мына үйге әкеп, осында қолына түскенмен ұрып, пышақ сұғып, өлтіріп тынған.
Марқұм Валерий Харламовтың өлі денесі өткен аптаның жұма күні Қапшағай саяжайларының бірінің маңайынан табылды. Туыстарының айтуынша, кәсіпкерді қаскөйлер аяусыз соққыға жығып, пышақтап, артынша осында әкеліп көміп тастаған.
Қылмыскерлер мүмкіндігінше адам көзі түспейтін елсіз жер іздегенге ұқсайды. Адам аяғы көп түспейтін ағаштардың арасына, ескі арық құбырының түбіне көме салыпты. Бүкіл қылмыстың картинасы осындай болғанын туыстарына екі еркектің тартысына себепші Тамара дейтін әйел айтып берген.
Антонина Бочарова, марқұм В. Харлановтың шешесі:
-Тек әділ сот болғанын қалаймын. Сот барысы ашық өтуі керек. Ұлымды аяусыз қинаған адамдарды соттатқым келеді. Маған басқа ештеңе керек емес.
Айта кетсек, Валерий Харланов өткен жылдың желтоқсан айында жоғалған болатын. Арада 8 ай өткенде ғана қылмыстың бетпердесі белгілі бола бастады. Қазір күдіктілер ұсталған. Оларға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!