Әкімдік «үздік ұстазға» өздері берген пәтерін тартып алды
Жергілікті билік өздері берген пәтерді өздері алып жатыр. Талдықорғанда 2012 жылы «Үздік ұстаз» атанған Нұрлан Нұрбаевқа облыс әкімі екі бөлмелі пәтерді сыйға тартқан. Енді, міне, 5 жыл өткен соң атқамінерлер өзі тұрып жатқан жоқ деген желеумен қайтып тартып алған. Оған келіспеген жас ұстаз сотқа шағымданып отыр.
Автор: Берік Жұмабайұлы
03.08.2017
Мына суретте 34 жастағы Нұрлан Нұрбаевтың Алматы облысы экс-әкімінің қолынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін алып, қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей тұрған сәті бейнеленген. Сол кезде өңір басшысы болған Аңсар Мұсаханов жылдың үздік ұстазы атанғаны үшін облыс орталығындағы баспананы сыйға берген. Сол жылдары жас оқытушы Қапшағайдағы мектеп- гимназияда жұмыс істеген. Қазір ол Шеңгелді ауылындағы мектептің директоры екен. Басында тіркелген басқа баспанасы жоқ. Енді үздік ұстаз атанған азамат әйелі және үш баласымен пәтер жалдап тұруға мәжбір.
Нұрлан Нұрбаев, «Үздік ұстаз-2012» атағының иегері:
-Жеңімпаз атанған мұғалімге жыл сайын беріліп отырды тек жылдың үздік мұғаліміне ғана. Маған сол 2012 жылы берілді. Бірақ мен ол кезде Қапшағай қаласында жұмыс істейтінмін. Талдықорған қаласында берді. Осы квартирада Талдықорған қаласында облыс орталығында. Енді бүгінгі күнде бұл үлкен даулы мәселеге айналып отыр.
Мектеп директоры билік басындағылардың бұл қылықтарына қапалы. Өздері берген сыйлықты қайтып алғандарына жол болсын деп отыр. Ал қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері тіркелген үйде тұрмаса, оны қайтаруы тиіс екенін айтты.
Олжас Аллаберген, Талдықорған қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің заңгері:
-Осыған қатысты прокуратура өкілдерінің мәліметі бойынша Нұрбаев мемлекеттен алған пәтерін қайтаруы тиіс. Себебі, ол көрсетілген мекен-жайда тіркелген. Бірақ басқа жерде тұрып жатыр. Ал алған пәтерді бөтен біреулерге жалға беріп қойған. Ол келісім-шартты бұзды.
Бүгінде пәтерге қатысты іс сотта қаралуда. Бірақ мемлекеттік бағдарламамен берілген үйді иесі тұрмаса қайтарылуы керектігін прокуратурадағылар да растап отыр. Олардың айтуынша, бұл тиісті келісім-шартта қарастырылған. Айте кетейік, Талдықорғанда тұрғынүй-комуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері дәл осындай жағдаймен сотқа 25 шағым түсірген. Жергілікті билік берген баспанасынан айырылғандардың арасында 3 ұстазбен қатар дәрігерлер мен мемелекеттік қызметкерлер де бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!