Мешіті өртеніп кеткен бурабайлық жамағат далада намаз оқып жүр
Бурабайда мұсылман қауымы намазды далада оқып жатыр. Мамыр айында мешіті өртеніп кетіп, Құдай үйінен айырылған жұрт амалсыз мешіт орнына жерге кілем төсеп, құлшылық етуде. Әсіресе, жұма намазына жаппай жығылуға келген жамағат үшін бұл қолайсыз. Бірақ әзірге қол үшін беретін пенде табылар емес. Курортты аймақтағы құлшылықтың далада өткізіліп жатқаны туристерден ұят болды дейді имамдар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.08.2017
Мамыр айында Бурабайдағы мешіт аяқ астынан өртеніп, онда тіпті бір имам қайтыс болған. Өрт 60 жыл бұрын салынған ескі ғимараттағы электр сымдарының тұйықталуынан тұтаныпты. Содан мешіттің шатыры мен іші түгел жанып кеткен. Қазір далада намазға жығылып, жаздай жауын-шашында қиындық көріп отырған жамағат жаңа мешіт салынады дегенге сеніп, ғимаратты түгел бұзып тастағандарына енді өкінеді.
Есләм Ақпаров, Бурабай кентінің тұрғыны:
-Облыс әкімі айтты. Біз мешітімізді түзеп алатын ек, бұзыңдар, дайындаңдар жерді. Подфундамент жерді дайындап қойыңдар деп. Бұздық. Міне, қазір не мешіт жоқ.
Дегенмен жамағат жаңбырлы жазда өздері амалдаған. Олар жауын-шашыннан қорғану үшін Щучьедегі кадет корпусынан уақытша шатыр сұрап алыпты. Бірақ жұма күндері құлшылық жасауға жиналатындар көп. Шетелдік туристер де келеді екен. Олар мына жағдайды көріп, жағаларын ұстаған.
Амантай Мұқанов, Бурабай кентінің тұрғыны:
-Туркиядан да келіп жығылатын адамдар бар. Әр жерден келіп жатыр. Россияның ар жағынан, Север жағынан да келіп жатыр. Қырғызстаннан қырғыздар келді талай.Мыналарың не дейді?Бурабай-Бурабай деп айтасыңдар, Астанаға келіп Бурабайды көруге келдік.
Қонақтардан ұялып жүргенде жаз да өтіп барады. Ал қара күз келгенде, қайда барып құлшылық жасаймыз дейді мұндағылар.
Әбубәкір Мантық, Бурабай кентінің бас имамы:
-Қазірдің өзінде кешке қарай құтпа намазында таң намазынан салқын. Алла разы болсын! Жамағат келіп оқып жатыр.Енді біз бұған сентябрь одан әрі кетсе шыдамайтын шығармыз. Айтқан кісілер көп. Бірақ нақты іске кірісіп жатқан ешкім жоқ.
Әзірге мешіттің жобасы да жасалмаған. Сондықтан биыл Бурабайда мешіт салынып үлгермейді. Тым болмаса, уақытша амалдайтын орын керек деп отыр имамдар. Сосын келесі жылға дейін облыс басшысы да уәдесін орындар деп үміттеніп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!