{metadescription}
Қазақстанда құс, балыққа мұз қатырып сатқандар жазаланады
Қазақстанда құс, балыққа мұз қатырып сатқандар жазаланады

Қазақстанда құс, балыққа мұз қатырып сатқандар жазаланады

Мұз емес, таза өнім үшін төлейтін уақыт келді! Елімізде жұрттың қалтасын қағып келген сатушылардың ісіне тосқауыл қойылмақ. Өйткені, олар балық, құс, басқа да мұздатылған азықтың салмағын арттыру  үшін түрлі қулыққа барады. Мәселен, қатқан балықта таза өнімнен гөрі мұзы көп. Енді Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа талабы бойынша, мұзы да, басқа қоспасы да жалпы салмақтың 5 пайызынан аспауы керек. Ереже қыркүйектен бастап күшіне енбек. 

Қазір еліміздегі балықсүйерлер өз-өзін шектеуге немесе көп шығындануға мәжбүр. Әсіресе, мұздатылған теңіз өнімдерін жақсы көретіндерге қиын. Өйткені, мұндай тауардың жартысы мұз болып шығады.

Оксана Костенко, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мұздатылған балықты жиі сатып аламын. Өкінішке орай, онда таза өнімнен гөрі мұз көп. Балық емес, қара суды сатып алғандай боласың. Соған қарамастан, бағасы қымбат.

Сондықтан, қазір отандастарымыз мұздатылған балықты көп алмауға тырысады екен. Мұны сатушылардың өзі мойындады.

Сәуле Әділбекова, сатушы:

- Бұрын көп мұздатылған балық өтетін. Ал, қазір свежыйлау болады ғой, әшейін, салқындатылған дейді ғой, қатты мұздатылмаған. Сол балық өнімдері жақсы өтеді.

Енді мұнымен күрес күшейгелі жатыр. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ ішінде жаңа ереже бекітілген. Ал, бастаманы көтерген біздің мамандар. 

Александр Раззоренов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:

- Тұтынушылар өздері жеп отырған тағамның қауіпсіз екеніне сенімді болады. Әрі таза балық үшін ғана ақша жұмсайды. Бұрынғыдай мұзды сатып алу деген жоқ.

Яғни, тәртіп бойынша мұздатылған балықтағы қатқан судың салмағы жалпы өнімнің 5 пайызынан аспауы керек. Ал, өзге теңіз өнімдеріндегі мұз 7 пайыздан көп болмауы тиіс. Әрі өндіруші балықтың таза салмағын қорапшада жазып көрсетуге міндетті. Бұған қоса, құжат балық өнімдерінде зиянды заттардың болуына тыйым салады. Өйткені, бүгінде балық өндірушілердің амоксицилин, галофугинон сияқты қоспаларды жиі қолданатыны дәлелденген. Ал, балаларға арналған тағамға қойылатын талап Еуразиялық одақтың жаңа құжатында бөлек қарастырылған.

Оксана Плашкова, ЕАЭО техникалық реттеу және аккредитация департаменті директорының орынбасары:

- Балаларға арналған балық тағамын өндіру кезінде фосфат, дәмдеуіш, қышқылдар мен өзге қоспаларды қолдануға болмайды. Әрі оны арнайы өндіру орнында, мәселен балық цехінде дайындау керек. Оның қажетті технологиямен жабдықталған болуы да маңызды.  

Мұның бәрі тұтынушылар үшін жасалған дейді мамандар. Жаңа тәртіп қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ережеге сай келмейтін өнімдер енді дүкен-базарларда атымен болмайды. Ал, тәртіпке бағынғысы келмегендерді заң бойынша жаза күтіп тұр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде