Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет ауылында сиырлар жаппай құлап жатыр
Белгісіз дерттің Зеңгі баба тұқымына қырғидай тигеніне бір жарым айдан асқан. Бірақ мамандар әлі күнге ірі қараның неден ауырып жатқанын анықтай алмай отыр. Махамбеттіктер болса, жергілікті билік қозғаламын дегенше бар малымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Сиырлардың алды өліп те жатыр.
Автор: Асыл Әділханұлы
09.08.2017
-Сүттің бәрін сауып төгіп жатырмыз. Балаға сүтті дүкеннен сатып алып отырмыз. Әне тұр сиыр өлейін деп. Не істеу керек екенін білмейміз.
Махамбеттіктерден маза кеткелі бір жарым айдан асқан. Себебі, олардың жалғыз күнкөріс көзі – малдары аяқ астынан белгісіз ауруға шалдығыпты. Мүйізділер шөп жемейді, су ішпейді. Үстілерін ісік басқан ірі қараларды ауыл тұрғындары жайылымға жібермей, қорада ұстап отыр.
Асылбек Қамиев, Махамбет ауылының тұрғыны:
-Бір екі ай бұрын осы ауру басталды. Терінің астында ісік жұмыртқаның үлкендігіндей. Сол жерде қызу пайда болады. Содан кейін сиыр өледі.
Сиырлар құлай бастағанда тұрғындар бірден мал дәрігерін шақырыпты. Олар еш сараптама жасамастан терінің қабынуы деген диагноз қойып, дәрі жазып берген. Бірақ одан тұрып кеткен сиыр жоқ. Ауылдықтар дәрігерге қайта барғанда мамандар мүйізділерді сабынмен жуындырып, зеленка жағыңдар деп кеңес берген екен.
Әмірғали Тілеуов, Махамбет ауылының тұрғыны:
-Келіп жиын жасады. Болды. Мандытып ештеңе айтқан жоқ. Препарат жоқ, өздерің іздеп тауып алыңдар деді. Не етті, не сүтті сата алмай отырмыз. Мына ісік еттің бәріне таралып кетеді. Үш жүз теңгеден де ешкім алмайды.
Қазір ауылда ауру сиыры жоқ үйлер кемде-кем. Тұрғындар малымыз қырылып қалса, шығынның орнын кім толтырады деп алаңдап отыр. Жергілік билік бұл мәселеден хабардар. Бірақ «қорқатын дәнеңе жоқ, бәрі бақылауда» дейді.
Ринат Ескендіров, Зеленовский ауданының бас мал дәрігері:
-Аудан бойынша жағдай тұрақты. Симптоматиялық ем қолданып жатырмыз. Аурудың нақты диагнозы зерттеуден кейін ғана белгілі болады.
Биліктегілер қырылған малдың шығынын төлемейміз деп кесіп айтты. Ол үшін ауданда карантин жариялануы керек екен. Ал осы уақытқа төрт сиырдың өлексесін өртеп үлгерген махамбеттіктер, сараптама қорытындысы шыққанша өрістегі ірі қараның бәрі түгел белгісіз ауруды жұқтырып алмаса болғаны деп қауіптеніп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары