Ақмола облысында Өмірбек Жампозовтың соты үлкен даумен жалғасты
Ақмола облысында, полицей мен прокурорды жаралап, кейін өзі атылып өлген Өмірбек Жампозовтың атышулы ісі басқаша өрби бастады. Мемлекеттік айыптаушы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдеріне қысым көрсетті деген күдікке ілінді. Сондықтан, істі болып жатқандардың адвокаты прокурорды тағы ауыстыруда талап етуде.
Автор: Азамат Алдоңғаров
09.08.2017
-Жемқорлық дерегімен басталып, үкім шықпай жатып, қанды қырғынға айналған атышулы істі бастан аяқ қайта қарау енді басталғанымен, қатысушылар әлі де қызуқанды. Бүгінгі отырыс барысында прокурормен қайта-қайта ашық айтысқа түскен адвокаттарға судья бірнеше рет басу айтып, тыныштандыруға тура келді.
Адвокаттардың прокурорға шүйлігуінің себебі, сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің сөзі. Ол Жампозов және тағы екі күдіктінің айыбы дәлелденбеді, ал басқа айыпталушыларға шартты үкім кесіп, шығынды өтеуіне мүмкіндік беру керек ұстанымда. Осы сөзінен кейін прокурор оны бетпе-бет сөйлесуге кабинетіне шақыртқан көрінеді.
Фазыл Көкжалов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі:
-Прокурор, егер сіз осындай ұстанымда қалсаңыз, біз министрлікке хат жазып, мәселені басшылық алдында көлденең қоямыз деді. Кеше менің бастығыма телефон соғып, егер пікірін өзгертпесе министрлікке жеке ұйғарым жолдаймыз депті.
Алайда, жеке ұйғарым жазуға соттың ғана құқы бар. Осыны алға тартқан прокурор ешқандай қысым болған жоқ, керісінше, мемлекеттік орган өкілдері, яғни жәбір көрген министрлік пен прокуратура бір жақта болуы тиіс деп ақталды.
Айымгүл Жаманбалина, мемлекеттік айыптаушы:
-Ол мемлекеттік органның өкілі болғандықтан, мен мемлекеттік айыптаушы ретінде оның позициясын тағы бір нақтылап алғым келді. Өйткені мен де, ол да мемлекет мүдесін қорғаушылармыз.
Десе де, адвокаттар бір ауыздан Айымгүл Жаманбалинаны соттан шеттетуді сұрады.
Аманжол Мұхамедияров, адвокат:
-Прокурор тарапынан қысым болды. Себебі жәбірленуші тараптың позициясын білу үшін прокуратураға әдейілеп шақыртудың еш негізі жоқ еді. Сондықтан Жаманбалинаны шеттетіп, Бас прокуратурадан прокурор алдыртуды сұраймыз.
Адвокаттар облыстық прокуратура айыпталушыларды қалай болғанда да соттатуды көздейді дейді.Бірақ олар қанша шуласа да, судья түстен кейін өтініш қабылданбайды деген кесім айтты. Қылмыстық іс әу бастан қолдан құралды деп, тергеу мен соттың әділдігіне сенбеген «ҚазСуШардың» басшысы Өмірбек Жампозов істі тергеген прокурорға оқ атып, кейін өзі де атылып өлген болатын. Оған су торабын жөндеуге бөлінген 620 миллион теңгені сыбайластарымен жымқырды деп айып тағылды. Олардың біреуі қамауда отыр, қалған төртеуі кепілдікпен еркіндікте жүр. Ал әділдік үшін құрбан болды деп, әкесін соттан ақтап алып шықпақшы кіші Жампозов Асылжанның өзі де қазір істі болып жатыр. Оған прокурорға қол көтерді деген айып тағылған.
Асылжан Жампозов, әкесінің айыбын қайта қарау үшін бүгін соттан жаңадан экономикалық сараптама жасауды сұрады. Себебі, Өмірбек Жампозовтың 620 миллион теңге жымқырғанына оның жақындарымен қатар, қызық болғанда жәбірленушілердің өздері де сенбейді. Ал өзін атып өлген үлкен Жампозовты кімнің суцидке мәжбүрлегені әлі тергеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!