Павлодарда құмар ойынның көрігін қыздырған қылмыстық топ ұсталды
Павлодарда екі жарым жыл бойы заңсыз ойын автоматтарын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Шаһармен қоса өңірдегі өзге қалаларда да құмар ойынды кәсіп қылғандардың алды 12 жылдан арқалады.
Автор: Әйгерім Шакаманова
11.08.2017
Ойынханаларды көбіне жертөлелерде ұстап келген олардан, лотерея түрінде жұмыс істеген 300-ден аса құрылғы тәркіленген. Кәсіпкерлер автоматтарды шаһардағы дүкендер мен ойын клубтарында да орнатып алған көрінеді. Он бір адамнан құрылған топ мүшелері олжаға кенелу үшін арнайы есепші мамандарды да жалдаған. Биыл ақпан айында ұсталған топ құрамында екі әйел де бар. Бүгін осы екеуі мен төрт жігіттің бас бостандығына 6 жылға дейін шектеу қойылды. Тағы екі азамат 6 және 9 жылға дейін қамалды. Ал қылмыстық топқа жетекшілік еткен екі азамат ендігі 12 жылын темір тордың ар жағында өткізулері тиіс. Жалпы, тек тәркіленген құжаттар бойынша, пысықайлар екі жарым жылда 2 жарым миллиард теңге пайда тауып үлгеріпті. Бірақ бұл іс мұнымен бітпейді. Өйткені қылмыстық топқа жетекшілік еткен тағы бір адамға қазір халықаралық іздеуде жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!