Апат: Алматыда сапасыз үйдің қирандысы тұрғындардың төбесіне түсе жаздады
Алматыда су жаңа 16 қабатты нысан желге төтеп бере алмай, қаптамасы опырылып түсті. Ал, дәл сол кезде қасында балалар ойнап жүрген. Қайта, жан-жаққа ұшқан сылақ олардың басына емес, қасына түсіпті. Десе де, құрылыс материалы 4 көлікті бүлдірген. Тіпті, үйдің қалған қаптамасы да босап тұр. Сондықтан, қауіп әлі сейілген жоқ. Ал, жауаптылар дереу жөндеуге кірісудің орнына, бір-бірімен жанжалдасып жүр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
11.08.2017
Бұл үйді алу үшін үлескерлер 7 жыл ақша құйған. Сөйтіп, 2014 жылы көшіп келіпті. Тек қоныс қойын тойлай сала, өздері құрылысқа қайта кіріскен. Өйткені, нысанның сапасы о баста төмен болған екен. Ал, кеше үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті.
16 қабатты нысанның сылағы желге төтеп бере алмай, жоғарыдан төменге дейін үгітіліп түсе беріпті. Әрі желмен жан-жаққа ұшқан. Ал, сол сәтте мұнда кішкентай балалар ойнап жүрген екен.
Құдай сақтап, зардап шеккен адам жоқ. Десе де, жоғарыдан түскен құрылыс материалы 4 көлікті бүлдірген. Қазір оның иелері шығынды кімнен өндіріп аларын білмей жүр. Тұрғындар қаптаманың құлайын деп тұрғанын талай айтып, дабыл қағыпты. Бірақ құлақ асар жан табылмаған.
Байбек Қадырқұл, Алматы қаласының тұрғыны:
- КСК-ға да айтылған. Олар шара қолданған жоқ.
Сыртқы сылақтың қалған бөлігі де әні-міне құлағалы тұр. Бірақ, сонда да қауіпті жер әлі қоршалмаған. Жан-жағында балалар емін-еркін ойнап жүр. Алаңдап келген бірде-бір шенеунік жоқ. Тіпті, үйге кімнің жауапты екені де түсініксіз. Тұрғындар құрылыс компаниясы мен пәтер иелері кооперативін кінәләйді. Ал, олар бір-біріне сілтеп отыр.
Қазбек Әшіров, кооператив төрағасының орынбасары:
- Құрылысшы шатырға 7-10 жыл, үйдің фасадына 10-15 жыл кепіл беруі керек. Жағдайды көріп тұрсыздар. Бұл жерде құрылыс компаниясы кінәлі.
Ал, үйді тұрғызғандардың өз уәжі бар.
Әбдірахим Жақаев, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Келісімшарт салынған үйлерге 2 жыл гарантия беріледі. Мына үй 2013 жылы салынып біткен. 2013 жылдан бері міне 4 жыл өтті. КЕпілдің мерзімі бітіп кетті.
Енді екі тарап сотта кездеспекші. Соған қарағанда, үйді қайта жөндеуге қай-қайсы да әзір кіріспейді.
- Ал, тұрғындардың қорқынышы сол күйі басылған жоқ. Өйткені, үйдің қалған қаптамасы да босап тұр. Және аяқ асты жел тұрып, оның да жан-жаққа ұшпасына ешкім кепілдік берген жоқ. Ал, кеше құлаған үйдің сылағы мен пеноплексін бүгін түске таман жұмысшылар келіп, жинап алып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!