Ұшақ апаты: Азаматтық авиация академиясы курсант Айдар Әбішевтің соңғы күндері туралы айтты
Азаматтық авиация академиясы әуе апатынан көз жұмған инструктор мен курсанттың отбасыларына көмек көрсететін болады. Академия басшылығы студент Айдар Әбішевті жерлеуге жәрдемдеседі.
Автор: Қайырбек Жәйлібекұлы
11.08.2017
Қазір академияның кіре-берісіне марқұмдардың суреттері ілініп, еске алу бұрышына гүлдер қойылған. Ұстаздары Айдарды әуе кеңістігін жанындай сүйген тәлімгер ретінде еске алады. «Сабақтан ешқашан қалып көрмеген студент болашағынан үлкен үміт күттірген»- дейді олар. Оқу ордасынан түлеп ұшқалы отырған 4-ші курс студентін туыстары ертең жер қойнына тапсырмақ. Ал Украинадан шақыртылған инструктор жазғы мезгілде академия студенттеріне әуе кемесін басқарудың қыр-сырын үйретуі тиіс болған екен. Алайда Сергей Курченко бар болғаны 2 ай жұмыс істеп үлгерген. Осыған дейін тәжірибелі маман 4 мың сағаттық әуе жолын түрлі ұшақпен ұшыпты. Айта кетейік, инструтор мен курсант отырған «Tecnam P2002» ұшағы кеше Алматы іргесіндегі Үшқоңыр ауылында апатқа ұшыраған болатын. Былтыр ғана зауыттың өзінен сатып алынып, бірден көкке көтерілген әуе кемесі тек 1 рет техникалық байқаудан өтіпті.
Шамиль Берішов, Азаматтық авиация академиясының проректоры:
-«Қазір академия метариалдық көмек көрсету жағын қарастырып жатыр. Ертең Айдарды жерлеу рәсіміне бір кісідей атсалысатын боламыз. Сергей Курченконың денесін тану үшін марқұмның әкесін шақырттық. Сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі. Сол шаралар барысында міндетті түрде жәрдемдесетін боламыз.»
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!