СҚО-да ата-аналар ұл-қызын бақшаға жіберуден бас тартып жатыр
Шатыры шұрқ тесік шағын орталық. Солтүстік Қазақстан облысындағы Новомихайловка ауылының балабақшасы адам шошырлық күйде тұр. Бірінші шілдеге дейін әупірімдеп жұмыс істеп келген мекеме жазда күрделі жөндеуге жабылған. Алайда ала жаздай ешқандай құрылыс жұмыстары атқарылмапты. Демалыстан оралған ұжым мүшелері балабақша жабылса, мүлде жұмыссыз қаламыз ба деп қорқады. Өйткені қабырғасы көгеріп, сыз тартқан ғимаратқа ата-аналар балаларымызды әкелмейміз депті. Осы ғимаратта орналасақан интернаттың да жағдайы мүшкіл. Ал екі аптада жаңа оқу жылына келетін ауыл баларының енді қайда жататыны...
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
14.08.2017
белгісіз.
Балаларын бірі жетектеп, бірі арқалап жүрген ата-аналар мына шағын орталыққа күнде келеді. Бірінші шілде күні сәбилер мен ұжым мүшелерін жазғы демалысқа шығарып салған әкімдік тамыздың ортасына дейін ғимаратқа күрделі жөндеу жүргіземіз деп уәде етіпті. Бірақ ала жаздай шөптің басын сындырған ешкім жоқ.
Мария Сулимова, Новомихайловка ауылының тұрғыны:
-Күнде «жөндеу жұмыстарын ертең бастаймыз» деуден шаршамайды. Балаларымыз үйде отыр. Ертең бірінші қырүйекте жұмысқа шығуым керек. Баламды қайда апарамын? Шағым жазбаған жеріміз жоқ. Тек құрғақ уәде бәрінің айтатыны.
30 жыл бұрын салынған ғимаратқа соңғы он жылда екі рет күрделі жөндеу жүргізілген. Бірақ тоқал тамша салынған шатырдың астын ағашпен көтеріп, қайта жаппаса бәрі бекер депті құрылысшылар. Ал орталық директорының айтуынша, осы жұмысқа аудан бюджетінен бөлінген 7 миллион теңгеге жарияланған байқау тым кеш өткен. Десе де, ол жұмыстың қыркүйекке дейін бітетініне сенімді.
Серік Төлепбергенов, балалар шағын орталығының директоры:
-Міне, күні ертең құрылыс материалдары әкелінеді. Тендерді жеңіп алған екі жергілікті серіктестік қазір ағаш пен темір жабындыны сатып алып жатыр. Бірінші қыркүйекке дейін барлық жұмыстарды аяқтаймыз.
Ғимараттың екінші бөлігі мектеп жанындағы интернатқа тиесілі. Онда былтыр көрші ауылдардан 11 бала жатып оқыпты. Олардың енді айналасы екі аптадан соң басталатын жаңа оқу жылында қайда тұратыны белгісіз.
-Мына бөлме ұлдардыкы. Былтыр осы жерде 7 бала тұрған. Жаңа жылдан кейін шатырдан су аға бастағанда тәрбиешілер оларды басқа жерге көшіріпті. Бөлменің қазіргі сиқы адам шошырлық.
Құрылысшылар директор уәде еткендей бірінші қыркүйекке дейін шатыр салып берсе де, қабырғасы сыз тартқан ғимарат ішін кімнің және қандай ақшаға жөндейтіні белгісіз. Осыған алаңдаған ұжым мүшелері аудан әкімдігі ғимаратты мүлдем жауып тастап, бізді жұмыссыз қалдыра ма деп қорқады.
Екатерина Могунова, балалар шағын орталығының қызметкері:
-Бізге келіп, «балабақша жабылады, жұмыс іздеңдер» деп кетті. Ауылдық жерде қайдан жұмыс табылады. Егер балабақша жабылса, 12 адам далада қаламыз. Оған интернат тәрбиешілерін қосыңыз. Жағдайымыз қиындайтын болды.
Осыған алаңдаған ұжым мүшелері құрылысшылар шатырды жауып берсе болғаны, ғимарат ішін өзіміз ақтап, сырлап аламыз деп отыр. Тек 20 шақты адам нәпақа тауып отырған мекеме жабылмаса игі еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!