Грант дауы: Сағадиев грант тізімін қайта қарауға мәжбүр болды
Білім гранттарын сауатты бөлмей, басы дауға қалған Білім министрлігі, ашуын мектеп директорларынан алмақ. ҰБТ-ның шекті межесіне жете алмаса да, грант иеленген үздіктер бойынша жаппай тексеріс басталады.
Автор: Азамат Алдоңғаров
14.08.2017
Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
-Алдағы аптадан бастап түлектері «Алтын белгі» иеленіп, ҰБТ барысында төмен нәтиже көрсеткен мектептерде тексеру жұмыстарын жүргізе бастайды. Бұл тексерістің нәтижесінің түлектерге әсері болмайды. Алайда белгіні тағайындау барысында құжаттарды бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, мектеп басшылығына қатаң шаралар қолданылады.
Ал Білім және ғылым министрлігі грант тағайындау кезінде қателікке бой алдырғандарын мойындады. Сондықтан жоғары бал алса да, тегін оқусыз қалғандар бойынша қосымша тізім бүгін жарияланды. Білім министрлігіне басып кірмек болған ата-аналардың айқайынан кейін ведомство тағы мың жарым грант тауып отыр. Сөйтіп жағдайды ушықтырғысы келмеген министрлік талапкердің мәселесін шешіп берді. Жауаптылар келесі жылы реформаланған «Білім туралы» заңына қатысты ешқандай сұрақтар болмайды деп үміттенеді. Сондай-ақ, заңды биыл бекітсе, "Алтын белгіге" бөлінетін жеңілдік алынып тасталады. Яғни ұл-қыздар алған ұпайына қарай тегін оқуға түспек. Ал биыл грант бойынша сұрағы барлар, әлі де Ұлттық тестілеу орталығындағы қабылдау бөлмесіне өтініш тастай алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!