Жанайқай: Ашуға мінген алматылықтар жанармай бекетін талқандап тастамақ
Шаң-тозаң жұтқан жұрт енді бензинмен тыныстауға қарсы! Алматыда бір топ тұрғын үй іргесіндегі жанармай бекеті құрылысын тоқтатуды талап етті. Өйткені, күндіз-түні қызу жүріп жатқан жұмыстан 9 қабатты үйде тұратындардың мазасы кеткен. Ал, бекет іске қосылса, бензин иісі тағы бар. Бірақ, ашулы жұрт бұған жол бермейміз деп бекініп отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.08.2017
- Үлкен дау тудырып жатқан құрылыс өткен жұмада басталған. Аумаққа бір күннің ішінде мынадай биік қоршау орнатылыпты. Ал, оның арғы жағындағы жұмыс сәт сайын қыза түскен. Сәйкесінше, жұрттың ашуы да ұлғайып барады. Өйткені, құрылыс аумағынан аяқ аттам жерде 9 қабатты үй орналасқан.
Ал, салынып жатқан - жанармай бекеті. Мұнда бензин құятын жер бұрын да болған. Тек ол біраздан бері жабық екен. Енді жаңа иелері ескі бекетті түгелдей бұзып, орнына үлкенін тұрғызуда. Сол құрылыстан көпқабатты үй дірілдеп, жолдарында жарық пайда бола бастаған.
Лидия Гаврилова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Кеше үлкен цистерналарды қиратты. Содан үйіміз дірілдеп кетті. Жер сілкінгендей. Құрылыс күндіз-түні тоқтамайды. Шаң жұтып отырмыз.
Ал, бекет іске қосылса жұрт бензин иісіне тұншықпақ. Тіпті, осы құрылыстың кесірінен үйімізге кіріп-шығуымыз қиындай ма деп қорқады. Тұрғындар мұның бәрі құрылыс ережесіне қарсы екеніне сенімді. Оған нақты дәлелдері де бар екен.
Александр Шехавцов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қазіргі құрылыс ережелерін қарап шықтым. Оған сәйкес, мұндай жанармай бекеті тұрғын үйден 100 метр қашықтықта болуы тиіс. Ал, мынау біздің үйге тиіп тұр.
Сондықтан, құрылыстың дереу тоқтатылуын талап етуде. Десе де, жанармай бекеті иелерінің құжатты түгел.
Мұрат Сағалиев, жанармай бекеттері желісінің заңгері:
- Бекетті өткен жылы сатып алып, құрылыстың жоспарын жасадық. Тиісті орындардың рұқсаты бар. Бәрі заңды.
Яғни, жұрттың қарсылығына қарамастан, құрылыс жалғасып, көп ұзамай жаңа бекет іске қосылмақ. Ал, оның иелері жұрттың мазасын алған шуды тезірек тоқтатып, аумақты көгалдандыруға уәде етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!