Қарсылық: Алматыда полицейлердің жаппай айыппұл салуы жүргізушілердің түсінбестігін туғызды
Жол ережесін бұзғандарға жаппай айыппұл салынуда! Алматыда жыл басынан бері жол апаттары тым жиілеп кеткен. Бұған көбіне көшеде дұрыс қойылмаған көліктер мен жаяу жүргіншілер себеп болады екен. Тіпті заң бұзған жүргізушілерге қыруар көлемде айыппұл салынып жатса да, жол ережесін сақтамайтындардың қарасы азаяр емес. Бүгін алматылық полицейлер тағы да арнайы рейдке шықты.
Автор: Аида Мағыпар
15.08.2017
Полицейлердің айтуынша, Алматыда көліктерін көрінген жерге қалай болса солай қойып кететіндер саны азаймай тұр. Жылдың басынан бері дәл осындай әрекеті үшін 4466 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бүгін де аздаған уақыт ішінде жол ережесін бұзғандар саны жеткілікті. Дұрыс қойылмаған көліктерді сақшылар тиеп әкетіп жатты. Алайда, темір тұлпар тізгіндеушілердің бұның барлығына айтар өз уәждері бар болып шықты.
Олжас Қасымбеков , Алматы қаласының тұрғыны:
-Жол жасағанда барлығын ескеру керек қой. Міне, мына жерде көлікті былай қою керек деген белгі бар. Алайда олай қойсаңыз, автобустың жолын жауып тастайын деп тұр. Өйткені ағаштар бар. Ал екі ағаштың ортасына тұру мүмкін емес. Мұнда тек мотоцикл тұра алатын шығар. Біз сонда қайда, қалай қоюымыз керек?
Жол апаттарынның жиілеп кетуіне нақ осындай дұрыс қойылмаған көліктер мен кез-келген жерден өте салатын жаяу жүргіншілер себепкер екен. Жыл басынан бері 29 жол апаты жаяулардың кесірінен болған. Бұлар осы әрекеті арқылы өз өмірлеріне қауіп төндіріп тұрғанын мүлдем ескермейді дейді полиция қызметкерлері.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Жылдың басынан бері он мыңнан аса жүргіншілер заң бұзғаны үшін жолды тиісті емес жерде өткендері үшін әкімшілік жазаға кесілген болатын. Бұл азаматтардың негізі алдына әлек етіп айтатындары «кешігіп жатыр едім», «жолды қысқарту үшін оқылыққа бардым». Бірақ ол бірден бір сол азаматтардың денсаулығы мен өмірінің бірден бір кепілі екеніне көздері жетпейді.
Жерасты немесе жерүсті өткелдері бола тұра басын қатерге тіккендер 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.Ал көліктерін дұрыс қоймағандарға 23 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Машинасын балалар алаңқайына қойғандар тіпті 34 мыңнан аса теңгесінен айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!