Елімізде «Балалар әлем ырғағында» атты өнер додасына іріктеу басталды
Қазақстан жастарының «Балалар әлем ырғағында» атты екінші шығармашылық фестиваліне өтініштер қабылдау ісі аяқталды. Енді қазылар алқасы 2000 баланың ішінен 18-ін ғана таңдап алмақ. Аталған шараның ерекшелігі – мұндағылар дарындарды мүмкіндіктері аз шалғай өңірлерден іздеп, жағдайы төмендерге қолдау көрсетеді.
Автор: Аида Мағыпар
16.08.2017
Бұл байқауға қатысуға 12-17 жас аралығында 2000 бала ниет білдірген екен. Алайда 3 номинация бойынша тек 18 дарынды таңдап алу керек. Іріктеуден өткен кішкентай жұлдыздар үлкен сахнада эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп, өнер шеберлерінен сабақ ала алады. Мұнымен қоса ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтрінде өтетін гала-концертке шақырылады. Қазылар алқасындағылар 2000 баланың ішінен тек 18-ін таңдап алу өте қиын дейді.
Георгий Югай, қазылар алқасының мүшесі:
-Әрине, әр баланың дарыны ерекше. Кейбіреулері ысылған. Басқасы сахнаға жаңа шығып жатқаны бар.
Байқау алғаш өткізілген кезде қазылар алқасы облыстарға барып іріктеу кезендерін өткізген болатын. Алайда, осы жылы өтініштерді ғаламтор арқылы онлайн түрде қабылдапты. Байқауға қатысуға ұсыныстар үш ай ішінде қабылданған екен. Енді міне іріктеу кезеңі өтуде. Ұйымдастырушылар алыс аймақтағы ауылдарға ерекше көңіл бөліп отыр екен.
Бақытгүл Көбеева, ЮНЕСКО Клубының маманы:
- Алматы Астана үлкен қала болғандықтан мүмкіндіктер көп. Басқа ауылдарда елді мекендерде орналасқан балалар мұндай мүмкіндік бар екенін біле бермейді,ақпарат уақытында жетпейді. Біздің мақсатымыз шеттен келген дарынды балаларды шығару оларға осындай үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсету .
Елімізде мұндай байқау ұйымдастыру туралы ұсынысты ЮНЕСКО клубы айтқан. Оны Тұңғыш президент қоры қолдап, осылайша іске асып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!