Қаржы нарығы: Сарапшылар теңгенің тұрақталуын уақытша құбылыс деп атады
Соңғы 2 жылда болмаған көрсеткіш! Еліміздегі инфляция деңгейі шілдеде бар-жоғы 0,1 пайызды құрады. Соның есебінен жылдық инфляция 7,1 пайызға төмендеген. Яғни, ол бірінші рет Ұлттық банк белгілеген дәлізден асқан жоқ. Ал, бұл азық-түлік нарығындағы жағдайдың тұрақтануына себеп болды депті бас банктің есебінде. Соңғы уақытта теңгенің бағамы да қалыпты. Дегенмен, отандық сарапшылардың өзі Ұлттық банк мақтанышпен жеткізген ел экономикасындағы бұл жағдайды «уақытша қуаныш» деп отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.08.2017
-Өткен айдағы инфляция деңгейі қаржыгерлердің өзін таң қалдырды. Өйткені, ол шілдеде бар-жоғы 0,1 пайызды құрапты. Мұндай аз көрсеткіш соңғы 2 жылда болмаған.
Сөйтіп, қаңтардан шілдеге дейінгі көрсеткіш 3,8 пайызға жетіп отыр. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда едәуір төмен. Ал, жылдық инфляция 7,1 пайыз шамасында. Желтоқсанға дейін оның 8 пайыздан аспауы керек. Себебі, Ұлттық банк бекіткен дәліз сондай. Ал, қазіргі инфляция қарқынының бәсеңдеуі азық-түлік нарығындағы жағдайға оң әсер етті дейді бас банктегілер. Десе де, тамақ пен ақылы қызметтер құнының өскенін айтып шағымданып жатқан адам көп.
ҚР Ұлттық банкі:
-Өткен айдағы бағаның өсуін арнайы сауалнамаға қатысушылардың 43 пайызы қалыпты жағдай деп қабылдады. 33 пайыз адам азық-түлік пен ақылы қызметтердің қатты қымбаттап кеткенін мәлімдеді.
Жұрт айтқандай-ақ, қаңтардан бастап картоп 48 пайызға, ет 10, жеміс пен сүт 7 пайызға қымбаттаған. Арзандаған тағам түрлері де жоқ емес. Қияр, қызанақ, жұмыртқаның құны біраз түскен. Есесіне, коммуналдық қызметтердің тарифі аспандап кетіпті.Қазір теңге нарығындағы жағдай да тұрақталғандай. Төл валютамыз долларға қатысты 332-333 аралығында құбылып тұр. Сарапшылардың айтуынша, дәл қазір теңгеге оң әсер етіп тұрған - мұнай мен Ресей рублінің бағамы.
Меруерт Махмұтова, экономист:
- Тұрақты болып тұрғаны – Ресей рублі біраз тұрақтанды. Мұнайдың бағасы қатты өзгеріп жатқан жоқ. Қазір Ресей рублінің жағдайы қалай болады, теңгенің де жағдайы солай болады. Енді 345-350-ге баруға мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Осылайша, төл ақшамыз Ресей ақшасының артынан ілесіп жүре бермек. Ал, сол көрші елдің экономистері рубльдің тұрақты болуы уақытша құбылыс деп отыр. Өйткені, қазір онда салық төлейтін уақыт басталып, рубльге сұраныс артқан. Сондықтан, бағамның қайта түсіп кетуі қаупі де жоқ емес.
-Ал, еліміздегі инфляциялық күтімге келсек, ол келесі жылы да төмендеп, 5-7 пайыз аралығында болады деген болжам бар. Тіпті, жағдай қазіргідей жалғаса берсе 6,4 пайызды құрамақ. Бірақ, мұның бәрі Ұлттық банктің болжамы ғана. Ал, іс жүзінде қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!