Бой бермесе де бармақтай бақ берген Гөзәл Ергешева әлемдік додада топ жарды
Ұлы іс тындыру үшін алып боп туу міндет емес! Қазақстандық Гөзәл Ергешеваның бағындырған биігі – соның жарқын мысалы. Ол Канадада өткен бойы аласа адамдар арасындағы әлем чемпионатында еліміздің туын көтеріп, алтын, күміс және қола жүлделерді иеленіп келді. Айта кетейік, Гөзәл әлемдік додаға ешқандай демеушінің қолдауынсыз, жалғыз өзі қатысып қайтты. Ал түнде туған-туыстары оны Алматы әуежайында қошеметпен қарсы алды.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.08.2017
Құдай оған бой бермесе де бармақтай бақ берген. Мұхиттың арғы бетіндегі әлемдік жарысқа жалғыз өзі аттанған Гөзәлға ағайын-туысынан басқа демеушілік жасап, көмек көрсеткен ешкім болмапты. Бірақ толағай жетістікке жету үшін ол да кедергі емес.
Төрт жылда бір өтетін «World Dwarf Games» жарысы биыл Канадада ұйымдастырылыпты. Онда Гөзәл пауерлифтинг, яғни зілтемір көтеруден өз салмағында алтын жүлде алған. Одан соң суға жүзуде екі қашықтық бойынша күміс иеленген. Ал эстафеталық суға жүзуде Испания құрамасына бір адам жетпей қалып, Гөзәлді қосып алыпты. Соның арқасында тағы бір қола жүлдеге қол жеткізген. Жүлделер түрін түгел жинаған чемпионды кеше түнде Алматы әуежайында туған-туыстары салтанатпен қарсы алды.
Гөзәл Ергешева:
-Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сонша эмоция. Көкірегімдегі бүкіл түйткіл мойныма медаль таққан сәтте тарап кетті. Жылап жібердім. Елдің абыройын көтергеніме қуандым. Барлығы құттықтап жатыр, туыстарым, таныстарым, жұмыстағылар, әлеуметтік желіде қаншама адам тілектестік білдіруде.
Гөзәлдің мақсаты әлемдік доданы өз көзімен көріп қайту ғана болғандықтан, өзі мұнша жетістікке жетем деп ойламаған. Алайда мүмкіндігін сынап көргісі келіпті. Ал алтын жүлде олжалауға өз әкесі дайындаған екен.
Ирискул Ергешев, Г. Ергешеваның әкесі:
-Пауерлифтингтен қызымды өзім дайындадым. Ол жаттығу кезінде Қазақстанның спорт шеберлерінің көрсеткішін көтерді. Осыдан соң қызыма неге әлемдік ойындарға қатыспасқа деген ой тастадым. Нәтижесі міне, нағыз чемпион болып оралды.
Гөзәлдің бойы 1 м 21 см. Халықаралық білім беру агенттігінде жұмыс істейді. Яғни, білім іздеп шетелге шығатын студенттерге көмектеседі. Дегенмен, спорттық қабілетін арттырып, 4 жылдан кейін әлемдік ойындарға тағы қатысатын ойы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!