Шпекбаев жеке сот орындаушыларын борышкерлер мен ауыз жаласқан деп айыптады
Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро сот орындаушыларының адамның жеке мүлкі жоқ деп істі кері қайтаруынан күдіктене бастады. Өйткені, басы шырмалған азамат осы кезде мүлкін сатып жіберудің жолын іздестіре бастайды екен.
Автор: Ербол Сейілхан
18.08.2017
Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
-Сот орындаушылары борышкермен өзара келісіп алуы мүмкін. Сөйтіп мүлікті сатып, сыйға беріп немесе басқа адамның атына аударуға жанталасады. Бұған жол бермеуіміз керек.
Оның үстіне жеке сот орындаушылары әбден еркінсіп алған. Мемлекеттік қызметтің санатына жатпағандықтан оларды жемқорлыққа қарсы айыптау да мүмкін емес. Сондықтан ұлттық бюро заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Мемлекеттік сот орындаушыларының да жетістіріп отырғаны шамалы. Сот актілері жылдап жүзеге аспай, кабинеттерде шаң басып жатыр. Есесіне ақша істеудің жаңа түрі пайда болған. Мәселен, жақында Шығыс Қазақстанда қарызына байланысты шетелге шығу үшін тыйым салынған азаматты тізімнен алып тастау үшін 160 мың теңге пара алған сот актілерін орындау бөлімінің жетекшісі 3 жылға сотталған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!