Испаниядағы терактіден зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ
Сондағы дипломаттарымыз жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатып, отандастарымыздың жапа шекпегеніне түбегейлі көз жеткізуде. Әзірге белгілісі Барселона мен Камбрильс қалаларындағы терактіден 14 адам қаза тапқан. Жараланғандар саны жүзден асады. Ал жантүршігерлік жағдайға күдікті ретінде 12 адамның аты аталды. 5 лаңкестің көзі жойылса, төртеуі ұсталған, тағы үшеуі іздестіріліп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.08.2017
Теракт кеше түс ауа Барселонаның орталығындағы жаяуларға арналған көшеде болған. Ақ фургон адамдарды мейлінше көп таптау үшін оң мен солға кезек бұрып қатты жүріпті. Салдарынан қол-аяғы сынып, әр жерде жайрап жатқандардың қарасы көп.Полиция жанкештілердің төртеуін сол жерде атып түсірген. Тағы екеу ауыр жарақаттан көз жұмыпты. Ал ақ фургонды айдап, адамдарды жапырып өткен жігіт – Францияда туған нәсілі африкалық Муса Укабир болуы мүмкін. Барселона полициясы күдіктінің фотосын жариялағанымен, ол Мусаның ағасы Дрис Укабир болып шықты. Күдіктінің өзі із жасырған. Жергілікті полиция қала тұрғындарын қауіпсіз жерге кіргізіп, бей-берекет көшеге шықпауға үндеуде. Дәл осындай лаңкестік шабуыл Камбрильс қаласында да жасалды. Мұнда да жүк көлігін мінген қаскөйлер көшедегі жұртты таптамақ болған. Қайта, полиция дер кезінде тоқтатып, лаңкестердің көзін жойыпты. Дегенмен, олар алты адамды жарақаттап үлгерген. Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі жапа шеккендер арасында өз азаматтарымыз жоқ екенін мәлімдеді. Десе де, көмек қажет еткендер болса немесе ақпарат алғысы келгендер үшін арнайы телефон нөмірін таратып отыр.
-Алдын ала ақпарат бойынша, Барселонадағы терактіден зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Анықтау жұмыстары жалғастырылуда. Қазақстанның Барселонадағы консулдығы жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдерімен тығыз байланысты ұстап отыр.
Тікелей байланыс: +34-674-482-333.
Лаңкестік әрекетті «ДАИШ» ұйымы мойнына алды. Ал қапыда көз жұмған 13 адамның үшеуі неміс, бірі бельгиялық екен. Жалпы жапа шеккендердің арасында 25 елдің өкілі бар. Қазір оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 4 адам ұсталған. Тағы үшеуі іздестіріліп жатыр. Бес лаңкестің көзі жойылған. Қайғылы жағдайға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Испания королі Алтыншы Филиппке көңіл айтып, жеделхат жолдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!