Ақтөбеде газ ұрлығына қатысты айыпталғандар түрмеге жаппауды сұрады
Ақтөбеде газ ұрлығына қатысы барлар прокурорлармен мәмілеге келуге құлшынып отыр. Олар көгілдір отынды Ауғанстан асырып сатпақ болғандарын мойындап, жазаларын жеңілдетуді сұрайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.08.2017
4 ай бұрын аймақтағы газ тапшылығын тексеруге келгендер қылмыстық топтың былығын ашқан. Дереу арнайы жасақ алдырып, екі күн бойына газ сататын компанияларды тінтті. Ақыры бекеттерге көгілдір отын сатып отырған «Голд степ» және «Азгаз логистик» серіктестіктерінің қитұрқы әрекеттері әшкереленді. Сөйтсе, пайдаға құныққандар газды Ауғанстан асырмақ болған. Соның кесірінен ақтөбеліктер көліктеріне көгілдір отын таба алмай сандалып кетті. Қазір бас директор Берік Есенов пен орынбасары Аман Сыздықов кінәларын толық мойындап, процессуалды келісімге келгісі кеп отыр. Мұны прокурорлар да құптаған. Өйткені, шығын орнын толтырса сотталушылар жеңіл жазамен құтылады. Бірақ қос тараптың бұл ұсынысын судья қолдамады. Өйткені, экономикалық контрабандамен айналысқандардың келтірген шығынын әлі күнге дейін есептеп үлгермепті.
Роза Күзенбаева, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:
-Осы күнге дейін газға қатысты келітірген шығын көлемі анықталмады. Прокурорлар да тым жеңіл жаза кесуді сұрап отыр. Сондықтан істі қайта тексеруге жіберіп, шығынды анықтау керек. Есенов пен Сыздықов бұрынғысынша қамауда болады. Мерзімі тағы бір айға ұзартылсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!