Елімізде жанармай бағасы тағы қымбаттауы мүмкін
Өйткені, шикі мұнайды өңдеп отырған еліміздегі үш зауыттың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Кәсіпорын қыркүйектің аяғына дейін толық жөндеуден өтпек. Бұған қалтаға тағы салмақ түсе ме деп тұрғындар алаңдаулы. Өйткені, толық тұрмақ, зауыт жартылай жөндеуге жабылғанда жанармай тапшы болатынын талай көрген.
Автор: Жанар Низамутдинова
18.08.2017
72 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасаған Атырау мұнай өңдеу зауыты осы. Талай жылдардан бері ауыспай, әбден ескірген қондырғылар көп дейді басшылық. Сондықтан, Энергетика министрлігімен келісе отырып, зауытты бір жарым ай жөндеуге жабу туралы шешім қабылданыпты. Дегенмен, ешқандай тапшылық болмайды деп сендіруде басшылық. Өйткені, жанармайдың жеткілікті қорын да жасап қойыпты. .
Роза Юнусова, «Атыраумұнай өңдеу зауыты» өндіріс бойынша бас инженері орынбасарының міндетін атқарушы:
-Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу - жанармай нарығына мүлде әсер етпейді. Себебі, біздегі резервуарларда республиканың ішкі нарығын толық қамтамасыз ететін жеткілікті қор бар. Яғни, әр айға белгіленген норма орындалып тұр.
Зауыт басшылығы осылай деп сендіргенімен, тұрғындар бұған илана қойған жоқ. Өйткені, зауыт бұған дейін тұтас тұрмақ, жартылай жөндеуге жабылғанда талай тапшылықты көрген. Оның үстіне, еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты толық істеген күннің өзінде жанармайдың көп бөлігі әлі сол Ресейден тасымалданып жүр. Сондықтан,тұрғындар баға көтерілмейді деп басу айтқандарға сенгісі жоқ.
Ержан Әлкенов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Қымбаттауы мүмкін-мүмкін. Тоқтатсын-тоқтатпасын қымбаттайды. Атырау ғой бұл!
-Ал зауыттағы бүгін басталған күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйектің 29-ы күні аяқталады деп жоспарланған. Осы уақыт ішінде барлық ескірген қондырғылар жаңартылып, технологиялық пештер мен құбыр өткізгіштерге толыққанды жөндеу жүргізілмек. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта алынар мұнай өнімдерінің сапалы болуына әсер ететін көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!