Алматыда мыңдаған адамды қаңғытып жіберген туристік компанияның директоры рақымшылыққа ілігіп, жазадан сытылды
Мыңдаған адамды алдап, миллиондарды қалтаға басса да абақтыда отырған жоқ. Бүгін Алматы соты атышулы «Трэвелсистем» компаниясының басшысына үкім кесті. Туристерді тентіретіп, талайлардың демалысының шырқын бұзған Роман Хан сотталмай жатып, рақымшылыққа ілініп отыр. Судья оған 2 жарым жыл жаза кесіп, онысын іле-шала шартты мерзімге ауыстырып жіберді.
Автор: Асыл Әділханұлы
18.08.2017
Екі жыл бұрын елді дүрліктірген «Трэвелсистем»турфирмасының басшысына қатысты үкімді сот ың-шыңсыз, бес минутта оқып тастады. Шетел асып демаламыз деген мыңдаған адамды сан соқтырған Роман Хан енді біраз жыл бостандық көрмейтін шығар деп ойлаған көбі. Алайда судья 2 жарым жыл жаза кесіп, оның өзін сол жерде рақымшылыққа іліктіріп жіберді.
Қайрат Иманқұлов, Алмалы аудандық сотының судьясы:
-Қазақстан Республикасының рақымшылық туралы заңына сәйкес Хан Роман Миронұлын 2 жыл 6 айға соттау туралы жазасы 2 жыл 6 айға шартты түрге ауыстырылады. Және осы салада 3 жыл қызмет жасауына тиым салынады. Мүлкі тәркіленіп, оның мекен жайын ауыстыруына және шетелге шығуына рұқсат жоқ.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушының Роман Ханды 8 жылға түрмеге қамауды сұрағанын ескерсек, бұл айыпталушы үшін жазаның ең жеңілі. Сот дәйек жоқ деген желеумен бірнеше компанияның арызын да кері қайтарған. Сондықтан, Хан 734 миллион шығынның тек 90 миилионын қайтаруға міндеттелді. Жағдайдың дәл осылай өрбейтінін шағымданушы тарап та сезсе керек. Өйткені, үкімді тыңдауға ешқайсысы келген жоқ. Ал, Ханның өзі кінәсін сол күйі мойындамай отыр. 2015 жылы «Трэвелсистем» компаниясы өзін банкрот деп жариялап, мыңдаған қазақстандық туристі тентіретіп қойған еді. Шетелге демаламыз деп барып елге әрең оралған отандастырымыз арыздана бастағанда компания басшысы Роман Хан телефонын сөндіріп, Түркияға қашып кеткен. Бірақ көп ұзамай полиция өзі келді.
-Күдіктіге 74 эпизод бойынша айып тағылған. Енді міне екі жыл өткенде сот оның біразын жоққа шығарып, Роман Ханға шартты жаза ғана кесіп отыр. Енді ол бұл жазамен де келіспеймін десе, қайта шағымдануына екі апта уақыты бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!