Құдалардың былығы: Храпунов мен Әблязов Америкада алаяқтық жасады деп айыпталып жатыр
Храпуновтың былықтары енді АҚШ-та әшкереленіп жатыр! Алматының экс-әкімі, өзінің құдасы, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен бірігіп, тек Қазақстан емес, Американың ақшасын да миллиондап жымқырған болуы мүмкін. Бұл туралы осы елдің ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ал, алаяқтарға Дональд Трамптың экс-серіктестері көмектескен деген күдік бар. Қос құда жалған компаниялар арқылы Құрама Штаттағы мүліктерді иеленіп, тіпті азаматтық алуға әрекет жасапты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
21.08.2017
-Өзіне қатысты 20 қылмыстық іс қозғалса да, Швейцарияда шалқып өмір сүріп жатқан Храпуновтың дәурені аяқталуға жақындаған сияқты. Бұл жолы АҚШ-тың беделді ақпарат құралдары арнайы зерттеу жүргізіп, экс-әкімнің Құрама Штаттардағы былықтарын әшкерелеп жатыр. Ал, қазір Калифорния штатында Храпуновтардың ісі қаралып жатқанын ескерсек, бұл олардың жағдайын біраз қиындатқалы тұр.
Басылымның мәліметінше, Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязовқа АҚШ-тың беделді кәсіпкерлері көмектесіпті. Мұның өтеуі ретінде қос құда әлгі бизнесмендерге әлемнің өзге елдерінен ақша ұрлауға қол ұшын созған. Сол кәсіпкерлердің бірі – президент Дональд Трапмтың бұрынғы серіктесі Феликс Сатер депті мақала авторы.
«Трамптың бұрынғы серіктесі Феликс Сатер Храпунов пен оның отбасына көмектескені туралы ашық айтты. Ол түрлі компаниялар арқылы миллиондаған қаражатты АҚШ-тағы мүліктерге инвестициялауға қол ұшын созған. Сатып алынған мүліктердің арасында «Trump Soho-ның» апартаменттері де бар».
Ал, Храпуновтың инвестицияларының көбі Әблязовтің Қазақстаннан жалған оффшорлық компаниялар арқылы жымқырған қаражаты көрінеді. Бұл екеуі АҚШ-тағы алаяқтық әрекетін соңғы рет 2013 жылы іске асырған. Ол кезде американың холдингтік компаниясынан 3,1 миллион доллардың апартаменттерін сатып алыпты. Әрине, келісім шартты өздеріне тиесілі жалған компаниялар арқылы жасаған. Тіпті, сол жылы Сатер мен Храпуновтар отбасы ақша бөлісе алмай біраз жанжалдасып қалған деген дерек бар.
2013 жылы Сатер мен Храпуновтар Огайо штатындағы мүлік пен 43 миллион долларлық келісім-шартты бөлісе алмай, дауласып қалған. Бұған қоса, Храпуновтар отбасының АҚШ-тағы қысқа мерзімді компанияға қыруар қаржы инвестициялағаны белгілі болды. Бұл арқылы олар отбасының кемі бір мүшесін Американың тұрақты тұрғыны етуді көздеген.
Қазір Виктор Храпунов отбасымен бірге Швейцарияда тұрып жатыр. Бұл ел халықаралық іздеуде жүрген отбасының қауіпсіздігіне кепіл берген.
- Бұған қоса, Украина да Швейцариядан экс-шенеуніктің ұлын қамауға алуды талап етуде. Олар Ілияс Храпуновты БТА банкімен байланысы бар заңгерлік фирмаға хакерлік шабуыл жасаған деп айыптайды. Ал, жаңа деректерге қарағанда, атышулы отбасының Калифорниядағы соттан ақталып шығуына мүмкіндік жоқ сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!