Алматыдағы қисайған баспаналар қалпына келтірілсе де, тұрғындар қорқып отыр
Атышулы «Алғабас» ықшамауданындағы қауіп тудырған көпқабатты 6 үйдің бүгінде іргесі бекітілген. Тағы екеуі кезегін күтіп тұр. Осы көктемде сол үйлердегі жұрт онда тұрудан қорқып, туыстары мен таныстарын жағалап кеткен болатын. Енді мамандар қауіп сейілді, қорқыныш жоқ деп сендіруде.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.08.2017
Мына жұмысшылардың әр үйдің іргесін осылай қазып жатқанына жарты жылға жуықтаған. Олар бастапқы тұрысынан сәл қисайған үйлерді қайта түзетіп жүр. Іргетастың жанынан қазық қағып, бекіту жұмыстары біткен. Енді тек жан жағын көгалдандырып жатыр. Мамандар енді бұл үйлерден ешқандай қауіп жоқ дейді.
Ералы Шоқбаров, Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының директоры:
-Бүгінгі таңда күшейту жұмыстары бітті. Мына үйлердегі тұрғындар бәрі үйлеріне қайта көшіріліп, бүгінгі таңда тұрғындар өз үйлерінде тұрып жатыр. Бұл үйлерді біз өзінің құрылыс алаңы бойынша 9 балл үшінші категория бойынша біз есептеп, бүкіл есептерінің барлығы 9 баллға сай келеді.
«Алғабастағы» отыздан астам құрылыс нысанын түгел тексеріп шыққан мамандар көп кемшіліктердің бірі – суағар жүйесінің дұрыс жүргізілмеуі екенін анықтаған. Кей тұстарында тіпті салынбаған да.
Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының директоры:
-Үйдің фундаментін күшейтіп болғаннан кейін жаңағы суағарларды қалай орналастыру керек. Қайда орналастыру керек, қайтіп орналастыру керек – қорытындылары беріліп, бүгінгі таңда күшейтілген үйлердің барлығында ол жұмыстар жасалынып бітті.
Естеріңізге салсақ, былтыр жазда осындағы үйлердің бірі 40 сантиметрге қисайып, құтқарушылар дүрліккен жұртты дереу қауіпсіз жерге көшірген болатын. Кейінірек тағы бірнешеуі қисайды. Ал қазір ықшамаудандағылардың көңілі біршама орныққан. Бірақ олар әлі де нық сенімді емес.
Бағлан Амантаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Үйдің алдын да, артын да әр метр сайын цемент құйды ғой. Кәдімгі 11 қабатты үймен бірдей кранды алып келіп, ішіне кіргізіп, ішіне цемент құйды. Сөйтіп бекітті. Басында қисайған, енді былай қарап тұрсаң түзелген сияқты ғой.
Мамандардың айтуынша, іргесі бекітілген үйлердің тұрғындарына қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тіпті, жуырдағы бүкіл Алматы тұрғындары сезген шағын жер сілкінісі де бұл үйдің тұрғындарына қатты әсер етпегенге ұқсайды. Дегенмен тұрғындар қауіптің әлі де сейілмегенін айтады. Себебі, саздың үстінде тұрған үй қайбір замандарда бәрібір сыр бермей қоймайды дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!