Ақтөбеде тұрғындар нашақорлармен көрші болуға қарсылық танытты
Ақтөбеде тұрғындар көпқабатты үй ауласынан нашақорларды сауықтыру орталығының салынуына қарсы шықты. Олар есірткіге еліргендер біреуді жазым қыла ма деп қауіптеніп отыр. Сондықтан басталған құрылысты дереу тоқтатуды талап етті.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.08.2017
Гүлзада Әбитова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Ертең біздің балалар мынау шприцке қолын не істеп алса кім кінәлі болады? Ата-ана қараған жоқ балаға, ата-ана бәріне кінәлі дейді. Кәнешні оларда ақша бар. Бәрін ақшамен жауып отыр. Олар халықтан сұраған жоқ қой.
Көпқабатты үйлердің аядай ғана ауласынан құрылыс жұмыстары басталғалы бері тұрғындардың құты қашқан. Қоршаудың кесірінен үйлеріне еркін кіріп-шыға алмай, балалар ойнайтын жер де қалмапты. Оның үстіне жаңа көршілерінің нашақорлар болатынын естіген жұрт шошынып отыр. Алғашқыда тұрғындардың жазған арызына қала әкімінің орынбасары құрылыс жұмысына ешқандай рұқсат бермегенін айтқан. Дегенмен, сәулетшілер мұны жоққа шығарды. Тек мұнда енді наркодиспансер емес, әсемдік салонын ашатын болыпты. Ал шенеуніктер осыған қатысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуді жөн санамаған.
Таңат Шегебаев, Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
-Ешқандай нашақорларға арналған немесе психикалық ауытқулары бар адамдарға арналған диспансер емес. Әйелдерге арналған процедуралар: косметология, тағы басқа. Кішкентай балаларға арналған емдеу кабинеттері және сумен емдеу бөлмелері болады. Бұл жерде бәрі сақталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!