Шығыс Қазақстанда бүтіндей бір ауыл жұрты жайылымға жарымай отыр
Бүгінде Дмитриевка елді мекенінде мал жаятын өріс қалмапты. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың бір шеті қарағайлы орманмен шектессе, екінші жақтағы жер талан-таражға түсіп кеткен. Соның кесірінен олар өрістен қайтқан малдарына да жаз бойы жем-шөп сатып алуға мəжбүр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
24.08.2017
-Мұндағы қараша халықтың күнкөрісі қолындағы төрт түлік қана. Алайда олар одан да айырылып қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Себебі, ауылдың төңірегі түгелдей, мынандай егінді алқапқа айналып кеткен. Ал, 12 шақырым жайылымға мал тояттамайтын көрінеді.
Қазір ауыл ішіне ірі қара тұрмақ, оның төлінің өзін қараусыз жіберуге тыйым салынған. Бұйрыққа бағынбағандары айыппұл арқалайды. Солай жауапқа тартылғандардың бірі – Бейсенғали Бәтібаев. Ақсақалға қақпасының алдында жатқан ақсақ сиыры үшін айыппұл салыныпты.
Бейсенғали Бәтібаев, Дмитриевка ауылының тұрғыны:
-Мына арада, Байжұмановтың сиыры, мынарада Қанапияновтың сиыры тұрды. Олар жүріп тұрған сиырға айыппұл салмай, аяғы сынып жатқан менің сиырыма 45 мың 300 теңге айыппұл салды.
Елді мекеннің бір шеті қарағайлы орманмен көмкерілген. Ал тұрғындар екінші жақтағы жер бай-бағландардың қолында кетті деп наразы. Соның кесірінен жайылым әбден тарылған. Тығырыққа тірелген халық өрістен қайтқан малға да ала жаздай жем-шөп сатып алып отыр.
Нағима Қамзина, Дмитриевка ауылының тұрғыны:
-40 мың теңге ақша төлеп қоямыз ба? Ойбай-ау, бұзауды қайтеміз? Аш өлгелі тұр бұзауымыз үйде. Жаздың күні өзіміз 45 мың теңгеге алған шөбімізді сол бұзауға береміз бе? Ауылға жайылуға рұқсат берсін.
Əйтсе де, əкім тұрғындардың 12 шақырым ғана деген жайылымды жоққа шығарды. Атқамінердің сөзінше, жалпы мал жайылымына төрт мың гектар жер қарастырылыпты. Бірақ жайлаудан өзге, ауылдағы сауынды сиырларға оның қанша гектары тиесілі екенін білмейді екен. Ал малдың өрістен аш қайтатынын әкім табыншының ішімдік ішкенінен көреді.
Маратбек Нұркешев, Дмитриевка ауылдық аймағының әкімі:
-Екі табынды бірге қосып бағамыз. Өйткені, ана табыншыға сенім жоқ. Мал неге аш болмайды. Неге егінге түседі? Ол кісі қарамайды. Жоқ десе, мына кісілер айтсын. Ал сауынды сиырға жайылым жетеді.
Осылайша, әр нәрсенің басын бір шалып әлек болған атқамінерлер жайылымды кеңейте алмайтындарын ақыры мойындады. Ал малдары орманға түссе 2 мың, егін мен ауылға шықса 45 мың теңге төлейтін тұрғындар түйткілді қалай шешерін білмей дал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!