Алматылықтар талай жылдан бері көрсетілмеген қызмет үшін ақша төлеп келген
Тұрғындарды алдап түсірген түбіртек! Коммуналдық төлемақы қағазындағы майда жазуларға аса мән бере бермейтін жұрт үйреншікті жылу, жарық, су ақысына қосып, өмірінде көрмеген заңгерлерге де ақша төлеген.
Автор: Аруна Ортай
24.08.2017
Түбіртектегі күдікті жазбаларды жылдың басында кей тұрғындар байқаған екен. Артынша, пәтер иелері кооперативтері түбіртекті басып шығарушы компанияларға ескерту жасаған болып, шу басылған. Десе де, заңгер, анықтама, бос жұмыс орындары секілді коммуналдық ақыға түк қатысы жоқ қызметтерге төлемақы тұрғындардан әрі қарай да алына берген. Тек осы жақында ғана түбіртекке жауапты «ИВЦ» және «Алсеко» фирмаларына тексеру жүргізіліп, артынша осы былық ашылды. Сөйтсе, бұлар жылына артық қызметтерді қосу арқылы 379 мыңдай пәтерден миллиард теңгеден астам ақша жинап алады екен. Десе де, айма-ай осындай түбіртек жібергендерді жазалауға негіз жоқ.
Ерболат Ибрайханов, Алматы қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
-Квитанцияларда жазылып қойған «өз еркімен төлем» деген. Оны көбісі байқамай төлеп жіберген. Ертең шағымданғанның өзінде олар өз еркімен төледіңіздер деп айтуы мүмкін. Ал негізі заң бойынша бұл тұрғындардың жиналысында қаралып, протоколмен бекітіліп, содан кейін барып төленуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!