Оралда 60-қа жуық адам зардап шеккен жантүршігерлік апатқа кімнің кінәлі екендігі белгілі болды
Оралда қоғамдық көліктердің жарысы жол апатымен аяқталды! Жылдамдықты шамадан тыс асырған жолаушыға лық толы автобус қаланың қақ ортасында үш бірдей көлікті соғып барып бір-ақ тоқтаған. Салдарынан 58 адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында жүкті әйел мен кішкентай балалар көп.
Автор: Асыл Әділханұлы
24.08.2017
Апат таңғы тоғыздар шамасында болған. Бұл уақыт жұмысқа асыққан оралдықтардың қоғамдық көлікке лықа толатын кезі еді. Қаланың қақ ортасында екі жеңіл көлік пен 5-ші және 7-ші маршруттар соқтығысқан.
-Мен ештеңені де көріп үлгермей қалдым. Билет жинап тұрған едім. Бәрі аяқ астынан болды.
Оқиға орнынан жедел-жәрдеммен 58 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың басым бөлігі басы жарылып, қолы сынғандар. Зардап шеккендердің арасында жүкті әйел мен төрт бала бар.
Махаббат Хасанова, зардап шегуші:
-Өзімнің аяғым ауыр. Негізінен бұлай дұрыс емес еді. Үнемі апат болады.
Апаттан шошып қалған адамдар бірін-бірі таптап, автобустан шығуға тырысыпты. Ал жапа шеккендердің көптігінен дәрігерлерге жол шетінде тұрып көмек көрсетуге тура келді.
Гүлнар Әбдрахманова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Облыстық клиникалық ауруханаға апаттан зардап шеккен 17 адам жеткізілді. Біреуінің мойын омыртқасына зақым келген. Ал қалалық көп салалы ауруханаға 41 адам түсті. Барлық 58 адамға дәрігерлерлік көмек көрсетілді.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа 7-ші автобустың жүргізушісі кінәлі. Жолдағы кептелістен қашып, қарсы бетке шыққан ол алдындағы басқа автобус пен 2 жеңіл машинаны соғып бір-ақ тоқтаған. Қоғамдық көлік тізгінінде болған адамның ереже бұзғанын полиция да растап отыр.
Манарбек Нажиев, БҚО ІІД бөлім бастығы:
- Жинақталған мәліметке сүйенсек 7 бағытта келе жатқан автобустың жүргізушісі жол ережесін бұзып жеңіл автокөлікті соққан. Сосын 5 автобусты соққан. Ал бесінші автобус тағы бір жеңіл көлікті соққан.
Қазір 7-ші автобустың жүргізушісі ауруханада жатыр. Полицейлер одан түсініктеме алуда. Ал зардап шеккендердің басым бөлігі медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілген. Олардың кейбірі енді маральдық материалдық шығынды өтеу үшін сотқа шағымданамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!