Наразылық: Қарағанды облысында бір ауылдың малы жаңа салынған автобанның кесірінен өріске шыға алмай қалды
Себебі жаңа жолдың қоршаулары малдың өтуіне кедергі болған және арнайы белгі де қойылмапты. Елді мекен маңынан өтетін тас жол осылайша, әсіресе, сиырларды жайылымнан айырған. Ал шенеуніктер малдың өтуіне рұқсат беретін белгіні қоюды ұмытып кеткенін мойындайды. Бірақ оған рұқсат алғанша, қағазбастылықтың кесірінен төрт түлігіміз аштан қырылатын болды деп ауыл жұрты ашынып отыр.
Автор: Саят Сабдалы
25.08.2017
Отрадная ауылындағы 70-ке тарта отбасында кемі 2 сиырдан бар. Жұрттың бәрі осы түліктің сүті мен етіне қарап отыр. Ал ауыл жанынан жаңа жолдың өткеніне тұрғындар о баста қуанған. Бірақ автобан қоршалған соң, жолдан мал да, жан да өте алмай, қуаныштары су сепкендей басылыпты.
Ертай Шәйменұлы, Отрадная ауылының тұрғыны:
-Негізгі жайылым трассаның арғы жағында орналасқан. Ол жақта су да бар, табиғи сулар жиналған. Мына жерден екі жерден өте-тұғынбыз. 20 жыл жайылған өрісіміз еді. Сол мына трасса салынғалы бері алдымыз жабылып қалды.
Жайылымға жол жабылғандықтан ауыл малы маңайдағы ат шаптырым жерді көктемнен бері отап біткен. Қазір өрісте шөп былай тұрсын жердің шаңы шығып жатыр. Осының кесірінен жұрт талғажау етіп отырған ірі қарадан қоң кетіпті.
Сайлау Жалбаев, Отрадная ауылының тұрғыны:
-Жем береміз, шөп береміз үйден. Сүті азайып кетті. 18-20 литр беретін сиыр казір тәулігіне 6 литр береді.
Ал жаңа жолға жауапты «Қазавтожол» мекемесі бар кінәні тұрғындардың өзіне ысырады. Айтуларынша, құрылыс басталмай жатып өткізілген жиындарға халық қатыспаған. «Егер жұрт өтініштерін уақытылы білдіргенде ірі қараға арналған жол өткелі қойылар еді» дейді.
Дулат Кәрімбеков, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Қарағанды облыстық филиалының бөлім басшысы:
-Сол қоғамдық тыңдаулар адамдар келмеген. Келмеген соң бұл мәселе шешімін таппаған.
«Қазавтожол» компаниясының басшылығы «жол белгісі қойылмайды» деп кесіп айтты. Енді мәселені жергілікті билік, яғни Теміртау қаласының әкімдігі шешуі тиіс. Ал ондағылар әзірге тиісті органдарға хат жіберіп жатырмыздан өзге түк айта алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!