{metadescription}
Бөтелке өткізіп пайда тап: Елімізде шыны шөлмектерді жаппай тапсыру қайта жанданды
Бөтелке өткізіп пайда тап: Елімізде шыны шөлмектерді жаппай тапсыру қайта жанданды

Бөтелке өткізіп пайда тап: Елімізде шыны шөлмектерді жаппай тапсыру қайта жанданды

Себебі, Қазақстанда жылына бір миллиардтан астам шөлмек пайдаланылса, оның тек 300 миллионы елімізде шығарылады екен. Сырттан импорттаудың орнына ыдыстарды қайта пайдалану бағдарламасы қолға алынған. Жер-жерлерде қабылдау орындары ашылып, әр бөтелкенің құны да арта түсіпті.

Алматылық аула сыпырушы Андрей Егоров енді жұмысқа ерте келіп, мүмкіндігінше өз міндетін тез орындауға тырысады. Себебі көшеде шашылып жатқан шыны бөтелкелер оған артық жұмыс емес, енді қосымша табыс көзі. Жиған-тергенін арнайы орынға әкеліп, қолма-қол ақшаны бірден алады.

Андрей Егоров, Алматы қаласының тұрғыны:

-Осындай бөтелке қабылдау орындарының пайда болғаны қуантады. Кейде бір жәшігін жинасам, кейде бірнеше шөлмектен аспайды. Мысалы өткен айда 20 қап бөтелге өткізіп, 10 мың теңге алдым. Бұл мен үшін жаман емес.

Алматы, Астана, Қарағанды және Қостанай қалаларында осындай қабылдау бекеттері ашылған. Тек алғашқы бір жарым айда онда 5 миллион бөтелке қабылданып, артынша тазартылып, бүтіндері залалсыздандырылған соң сусын шығаратын зауыттарға жөнелтіледі екен. Жұрттың белсенділік танытуы пайдаланған шөлмек құнының қымбаттауында екен.

Жомарт Рахымжан, «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі:

-Жинаушы компанияларды біздің компания субсидиялайды. Олар халықтан 8-15 теңге көлемінде 1 дана бөтелкені сатып алу үшін сондай қаражат төлейді. Бұл бір жағынан халықтың бөтелкені қайта өткізуге деген ынтасын оятады.

Дегенмен бұл көрсеткіш Қазақстан үшін аздық етеді. Себебі сұраныс көлемі мен қайта өңделетін шыны ыдыстардың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Пайдаланған бөтелкелердің тек 10 пайызы қайта өңдеуге немесе қолдануға кетсе, қалғандары қоқысқа жөнелтіледі екен.

Ерік Еркенов, шыны ыдыс қабылдайтын компанияның коммерциялық директоры:

-Қазақстанда шыны бөтелкелердің жетіспеушілігі байқалады. Біздің тұтынушылық көлеміміз жылда 1 млрд бөтелкені құрайды. Ал елімізде оның 300 миллионы ғана шығарылады. Сондықтан бөтелкені сырт елден әкелгеннен гөрі оны қайтадан пайдалану тиімді болады.

Бөтелкені жаңадан шығарудан гөрі оны қайта пайдалану табиғи ресусты үнемдейді және қоқыс полигондарындағы орынды үнемдейді дейді жауаптылар. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары да ашылады. Пилоттық жобаның қорытындасы жыл соңында шығарылып, алдағы жоспарлары белгілі болады. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде