Үкім: Өмірбек Жампозовты жемқор деп таныған сотқа марқұмның ұлы әкесінің соңғы хатын оқып берді
Сот Жампозовтың даулы ісі бойынша ешкімді аяған жоқ. Айып тағылған бес азаматқа бүгін сот залында кісен салынды. Судья сотталғандардың кінәсін мойындап, миллиондаған мемлекет шығынын қайтарғанына да қарамады. Ал үкімге дейін жетпеген, марқұм Өмірбек Жампозовтың арын қорғаған ұлы, үкімге қатысты әкесінің ақтық хатындағы бір ауыз сөзбен жауап қатты.
Автор: Азамат Алдоңғаров
25.08.2017
Жарты жылға созылған даулы қылмыстық істің нүктесі 20-ақ минутта қойылды. Сағат үшке белгіленген сот басталмай, судьяның келуін айыпталушылар тағатсыздана күтті. Бірақ күткендегі үміті ақталмады. Ал кешігудің себебі, сот жәбірленуші тарап, яғни ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерін күтіпті. Істің қозғалуына бірден-бір себепкер болған министрлік үкім тыңдауға келуді қажет санамаса керек. Сондықтан судья тізе бүкпестен, бірден шешімін айтты.
Төлеген Тұрғамбаев, судья:
-Жампозов Өмірбек Қылмыстық кодекстің 176-шы бабы, төртінші тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-ші бабына сәйкес, жазадан босатылсын.
«ҚазСуШар-дың» бұрынғы басшысы, марқұм Өмірбек Жампозов өліміне байланысты, жазадан босатылса, қалған 5 айыпталушыға қатысты жаза қатаң кесілді. Екі жарым жылдан, жеті жарым жылға дейін бас бостандықтарынан айырылып, сот залында кісенделіп, бірден абақтыға аттанды.
Бұл мемлекеттің 162 млн теңге шығынын толық өтеп, кінәсін мойындаған Болат Бейсебековтың соңғы сөзі. Ол қайта рақымшылыққа ілініп, екі жыл алты ай ғана арқалап кетті. Ал 7 жылға қамауға кеткен азаматтар, кісен кимес бұрын жылап қалған жұбайларын жұбатып қана үлгерді.
Бақыт Қайыржанова, адвокат:
- Мемлекет шығынын толық өтеген Бейсебековке қатысты прокурор шартты жаза сұраған еді, ал сот екі жыл, алты ай берді. Шынын айтқанда таңырқап тұрмыз. Бірақ бұл соңғы инстанция емес. Шағымданамыз.
Сотталған алты азаматтың да адвокаттары мен туған-туысқандары үкімге қатысты шағымданамыз деп бекініп отыр. Ал бұл күнді күтпей, тергеу мен сотты әділетсіз деп айыптап, бірінші істі жүргізген прокурорды жаралап, кейін өзі де атылған Өмірбек Жампозовтың ұлы әкесінің ақтық хатын оқыды.
Асылжан Жампозов, марқұмның ұлы:
- Маған жала жауып, соттап жатқандардың жазасын Құдай берсін деп жазды менің әкем. Жиырмасыншы шілде, 2017 жыл. Айтарым осы.
Су торабының жөнделуіне бөлінген 620 млн теңгенің жыры осымен бітпеген сынды. Бүгін сот тергеу барысында тағы үш адамға қатысты істі доғарған прокурорлардың әрекетіне байланысты Бас прокуратураға қаулы жолдады. Ауыл шаруашылығы министрлігінде де, миллиондар жымқырған құжаттарға қол қойған шенеуніктерге қатысты да тексеріс жүргізілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!