Апат: Алматы облысында құлаған ұшаққа қатысты жаңа дерек шықты
Алматы облысында тағы бір ұшақ апатқа ұшырады. Екі кісілік шағын әуе кемесі Балқаш ауданындағы Жиделі ауылының маңында құлаған.
Автор: Диас Нұрақын
25.08.2017
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, оқыс оқиға бүгін түске таяу тіркеліпті. Боралдай әуежайынан ұшып шыққан «MAULE M» шағын ұшағы Балқаш көлінің маңында құлаған. Америкада құрастырылған бұл әуе кемесі «Олжа Бастау» компаниясына тиесілі екен. Ішінде екі адам болған. Апаттан 63 жастағы Анатолий Меньшиков есімді ұшқыш оқиға орнында қаза тапты. Ауыр жарақат алған жолаушысы санавиациямен Алматыдағы Қалқаман ауруханасына жеткізілді. Оның аяғы мен омыртқасы сынған. «Олжа Бастау» серіктестігіне тиесілі ұшақ Азаматтық авиация комитетінде тіркелген. Бірақ оның қандай да бір авиациялық жұмыстар жасауға рұқсаты болмапты.
Қанат Жүсіпов, Қазақстан Кіші авиация қауымдастығының атқарушы директоры:
-Бұл әуе кемесі Авиация комитетінде жеке ұшақ ретінде тіркелген. Сондықтан компанияның қажеттілігі үшін ұшып-қонуына рұқсат берілген. Тек тапсырыспен немесе коммерциялық мақсатта жұмыс істеуіне болмайды. Ол үшін арнайы сертификат алу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!