Алматы полициясы өмірі мектепке бармаған, дәрігерге қаралмаған қос егізді тауып алды
Өркениеттен ада он бір жыл! Алматылық полицейлер туғалы бері мектеп көрмеген, балалармен араласпаған әрі бір рет те дәрігерге қаралмаған 11 жастағы егізді анықтады. Оның үстіне екеуі де психикалық ауруға шылдыққан.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.08.2017
Дубровскийлер отбасының тұратын жері де заманауи тіршіліктен жырақта орналасқан. Мұнда жеңіл көлікпен келу мүмкін емес. Жаяулатып кемі бір сағатта жетуге болады. Осындағы егіздерді ювеналдық полиция өкілдері іздеп тауыпты. Шешелерінің айтуынша, жағдайлары жаман емес. Тек екі баланы мектепке апару қиын болып тұр екен.
Лариса Дубровская, егіздердің анасы:
-Құжаттарымыз дұрыс. Тек мектепке апару қиын болып тұр. Сол мәселені реттеп берсе деген өтінішіміз бар. Тағдыр тәлкегімен әр жерге көшіп-қонып, осындай хәлге душар болдық. Қазір бұрынғыдан тәуір тұрып жатырмыз.
Осыдан 3 жыл бұрын Дубровскийлердің өз үйлері өртеніп кетіп, амалсыз анда-мұнда көше берген. Ал дәрігерлер 11 жасар Ульяна мен Назарға тілі мен қабілетінің дамуының кешеуілдеуі деген диагнозды 5 жыл бұрын қойып беріпті. Тірлішік тауқыметімен жүгірген анасы балаларының денсаулығына қарайтын шамасы болмағанын айтады. Енді екеуі арнайы интернатқа жатқызылмақ.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Балаларды арнайы мектеп-интернатқа орналастыру мәселесі өзекті болып тұр. Алматы қаласына қарасты білім беру басқармасы қол ұшын созып, нәтижесінде бірінші қыркүйек күні екі бала да мектеп партасында отыратын болады.
Полициядағылар балалардың шешесінің бір кездері ащы суға бас қойғанын анықтапты. Алайда олар балиғатқа жетпеген балаларын елден жырақ ұстаған анаға ешқандай шара қолданбады. Негізгі мақсат оларға тек көмек көрсету ғана дейді тәртіп сақшылары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!