Көкшетауда жалақы алмаған адамдар шу шығарды
Көкшетауда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары наразылық білдірді. Мекемедегі мүмкіндігі шектеулі 90 балаға қарайтын санитарлар жалақыға жарымай жүр. Айтуларынша, үш ай бұрын айлықтарын кесіп тастапты. Ал тиісті орындарға арыздана бастағалы басшылық тарапынан қоқан-лоқы көбейіпті. Директордың өзі былықтың бәрін есепшіге жауып, өзіне шаң жуытқан жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.08.2017
Небәрі 34 мың теңгеге жұмыс істейтін санитарлар қосымша ақша табу үшін мүгедек балаларды бағатын мекеменің отымен кіріп, күлімен шығады. Тиісті жұмыс күнінен тыс, қосымша кезекшілік алып мүмкіндігі шектеулі балаларға қарайды екен. Соларды тамақтандырып, дәретін жуып-шаятын олар соңғы 3 айда жалақының мүлдем қысқарып қалғанына таң.
Жұпар Қазыбаева, санитар:
-Жалақы өскенімен , аз алатын болдық. Бастықтар арыз жазсаңдар, жағдайларың қиындайды дейді. Осы сөзіміз үшін енді бір бірлеп өлтіріп, жұмыстан шығаратын шығар.
Ал, орталық басшылары ешкімнің де ізіне түскен жоқпыз деп ақталады. Жұмыс азаймаса, жалақы неге кесіледі деген наразы топқа да айтар өз уәжі бар. Яғни директордың сөзінше, бәрін бүлдірген бұрынғы есепші екен. Ол айлықты дұрыс есептемегені үшін жұмыстан қуылыпты.
Алтын Мұстафинова, Көкшетау қаласы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
-Ішкі тексеріс кезінде есепшіміздің бұған дейін жалақыны дұрыс есептемей келгені анықталды. Зиян келтірілгені және ерекше жағдайдағы жұмыс үшін өтелетін төлемдік пайызды жалпы жалақыға қосып отырған. Сондықтан айлықты қысқартып, қосымша жұмыс күнінің төлемін негізгі жалақыға қостық. Айлық содан қысқарды.
Айлық неге азайды деп шулап жүрген санитарлар енді мекемеге тіпті қарыз болып шығуы мүмкін. Өйткені, ішкі тексерістің қорытындысы осындай. Егер құзырлы органдар тексеріп, бюджет жалақысындағы шикілік расталса, санитарларға артық алғандарын қайтарып беруіне тура келеді.
Қазір санитарлар да тиісті орындарға шағымданып жатыр. Ал орталық жұмысын жеңілдету үшін басшылары бюджеттен тағы қосымша ақша сұраған. Бірақ ол қаржыға сырттан қосымша жұмыс күшін шақырмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!