{metadescription}
Алаяқтық: Алматы тұрғындары жалған ақшаға қызығып тақырға отыруда
Алаяқтық: Алматы тұрғындары жалған ақшаға қызығып тақырға отыруда

Алаяқтық: Алматы тұрғындары жалған ақшаға қызығып тақырға отыруда

Таптырмас табыс көзі ме, әлде тұзақтың өзі ме? Алматыда биткоин сатып алушылар көбеюде. Криптовалютаның бір түрі болып саналатын бұл виртуалдық ақшаға тұрғындар бар тапқан-таянғанын салуда. Қолға ұсталмайтын валютаға деген қызығушылықтың өскені сонша, тіпті астындағы көлігін айырбастауға дайындар да бар. Десе де, желінің жетегіне кеткендерге Ұлттық Банк қайталап ескерту жасады.            

Игорь Тен - бар ақшасын банкке емес, биткоинға салып жатқандардың бірі. Айтуынша, қаржы ұйымдарының депозиттерге үлестіретін пайызы  тауыққа жем шашқандай екен. Ал ғаламтордағы салымы күн санап көбейтіп жатқан көрінеді. Мәселен, былтыр небәрі 30 доллар тұрған криптовалютаның құны бүгінде 4 мың доллардан асып, қалтасын біраз қампайтыпты.   

Игорь Тен, Алматы қаласының тұрғыны:

-Басында биткоин туралы айтқанда күдіктенгенім рас. Оның құны өседі дегенге сене қоймадым. Бірақ кейін сендім. Көптеген таныстарыма енді өзім айтып жүрмін. Биткоинда апта сайын пайда табуға болады. Өйткені, оның құны күн санап көтеріліп жатыр.

Тіпті доллардың құны бұлайша көтерілген емес. Биржада алтынның өзін артта қалдырған биткоинның құны осы жылдың соңында 5 мың долларға жетеді деп болжаған сарапшылар да бар. Осыны естісе керек, алматылықтар енді астындағы қымбат көлігін теңгеге емес, жанталасып биткоинға айырбастап жатыр. Криптовалютаның қызығушылық тудырғаны сонша, мейрамхана қожайындары да оны қолдануға кетәрі емес.      

Жарас Әбиев, мейрамхана қожайыны:

-Қазіргі уақытта криптовалютамен жұмыс істемейміз.Енді болашақта қонақтарымыз сұраныс жасаса  заман талабына сай жұмыс істейміз.

Биткоинды басқа бірқатар елдер қолдана бастаған. Дегенмен, біздің қаржыгерлер оған күмәнмен қарап отыр.   

Есет Бутин, сарапшы:

-Жар дегенде жалғыз көлігіңізді немесе пәтеріңізді сатып, көп пайда табамын деген оймен биткоин сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл ойын іспеттес. Биржадағы жағдай бір сәтте өзгеруі мүмкін. Яғни, қараптан қарап отырып, бар қаржыңыздан қағылуыңыз ғажап емес. Сосын оның орнын ешкім толтырып бермейді де.

Ғаламтордағы салым үшін Ұлттық Банк те жауап бермейміз деп отыр. Өйткені, биткоиндар бүгін бар, ертең жоқ виртуалдық дүние екен.               

Алина Иманғазина, Ұлттық банктің бөлім басшысы:

-Биткоиндарды сатып алушыларға айтарымыз, мемлекет тарапынан сіздерге кепілдік берілмейді. Виртуалдық монеталар нарығын Ұлттық Банк реттемейтін болғандықтан, ертеңгі күні ақшаны қайтару мәселесіне біз араласа алмаймыз. Сол себепті, бұл жағдайда азаматтар өз әрекеттеріне тек өздері ғана жауапты.

Ұлттық Банк желінің жетегінде кеткендерге осындай ескерту жасады. Өйткені, ғаламтордағы ақша салуды талап ететін жүйелердің қайсы болса да, қалай аяқасты пайда болса, солай жабылып тынады екен.    

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде