Ақтөбе облысында «Денсаулық» пойызымен жолға шыққан дәрігерлер жалақысын ала алмай жылап жүр
Мемлекеттік бағдарлама бойынша Маңғыстау облысын аралаған ақтөбелік дәрігерлер ала жаздай айлықтарын ала алмай жүр. Олар көктемде «Денсаулық» пойызымен шойын жол бойында тұратындарға тегін қызмет көрсеткен. Бұл еңбектерінің ақысы тікелей министрліктен бөлінуі керек. Бірақ ондағылар ақша бермек түгілі, керісінше дәрігерлерге күзде тағы жолға шығуға тапсырма беріпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.08.2017
Осыдан төрт жыл бұрын президенттің тапсырмасымен денсаулық сақтау саласына қатысты үш бірдей бағдардама қабылданған болатын. Соған байланысты теміржол ауруханасының дәрігерлеріне пойызбен шойын жол бойындағы тұрғындарға тегін қызмет көрсету жүктеліпті. Биыл көктемде бір ай бойы үй көрмей Маңғыстау облысының барлық бекетін аралаған мамандар сол еңбектерінің ақысын ала жаздай ала алмай отыр.
Орналы Қуанышбаев, дәрігер:
-Елбасының программасы 2013 жылы шығарылған бағдарлама ғой. Мектепке баратын балаларымыз бар. Оғанда мысалы, құрал, киімдер алу керек.
Теміржол бойында демалыссыз науқастарды қабылдаған дәрігерлер айлықтарын сұрап талай мекемеге арыз жазыпты. Ешбірінен жауап жоқ. Тіпті, мемлекеттік бағдарламаға жауапты денсаулық сақтау министрлігі ақшасын даулағандарға тағы да жолға шығуға тапсырма берген.
Қарлығаш Пралова, дәрігер:
- Қыркүйекте пойыз Ақтөбе облысы бойынша шығады деп хабар беріп жатыр. Енді оған біздер қалай шығатынымызды? Қазір мына айлығымыз алынбағасын ойланып отырмыз.
«Денсаулық» пойызына тартылғандардың дені Ақтөбедегі теміржол ауруханасының дәрігерлері. Денсаулық сақтау министрлігі ақшаны осы мекемеге аудару керек. Бірақ мұндағы басшылар астанадағылардың әлі күнге дейін айлықты есептеп үлгермей жатқандарын айтады. Сондықтан оны алда сыйақы ретінде береміз деп уәде етуде.
Серік Жаңылсынов, Ақтөбе теміржол ауруханасының директоры:
-Қортынды реестрлер бағамын болғаннан кейін Астанадан қалған ақша келіп түседі. Сосын сыйақыларын береміз.
-Бұған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша Маңғыстауда болғандардың арызын арқалап ауруханаға прокурорлар мен еңбек инспекторлары да соғыпты. Оларды да ақша ертең түседі деп шығарып салған. Енді күзде «Денсаулық» пойызының жолға шығу, шықпауы неғайбыл. Өйткені, ауызы күйген дәрігерлер бұл бағдарламаға қатысудан бас тартпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!